Қыста жүгірудің пайдасы

Жүгіру – салауатты өмір салтының негізі. Жүгіру – адамзатқа табиғаттың өзі сыйлаған ең қарапайым әрі тиімді дене жаттығуы. Бұлшықет пен байланыстырушы жүйенің барлығы жұмыс істейтін бұл спорт түрі ежелден адам денсаулығына пайда әкелетін негізгі механизмдердің бірі ретінде танылған. Әсіресе, қыс мезгілінде жүгірудің адам ағзасына әсері ерекше, себебі, суық ауа қан айналымын күшейтіп, иммунитетті нығайтуға көмектеседі.

Жүгіру қан айналым жүйесін жақсартып, барлық мүше мен тіндерді оттегімен қандырады. Бұл – жүрек-қан тамырлары жүйесін жаттықтырып, көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, буындар мен сүйек тіндеріне де пайдалы жүктеме түсіріп, олардың серпімділігі мен беріктігін арттырады.

Қарағанды қаласында жүгірумен айналысатын жандар саны артып келеді. Арнайы топтарға бірігіп, жүйелі түрде жаттығатын жандар арасында кәсіби деңгейде жетістіктерге жеткен спортшылар да бар. Солардың бірі – Мұқан Өтелбай, жүгіру және триатлон спортымен кәсіби тұрғыда айналысып жүрген спортшы. Ол 6 жылдан бері осы бағытта тәжірибе жинақтап, бастаушылар үшін құнды кеңестермен бөлісіп келеді. Мұқан Өтелбай жүгіруді бастамас бұрын дұрыс бапкерді таңдау керектігін айтады. Бұл әсіресе жаңадан бастағандар үшін маңызды, себебі, дұрыс бапкер жаттығу бағдарламасын сауатты түрде құрастырып, денсаулыққа зиян келтірмейтіндей бағыт береді. Сонымен қатар, аяқ киім таңдауға ерекше мән беру керек екенін атап өтті. Ыңғайлы әрі жарақаттың алдын алуға көмектесетін аяқ киім жүгіру процесінде басты рөл атқарады. Сыртқы киімнен бөлек, жүгірушінің арнайы спорттық аяқ киімі болуы тиіс.

Жүгіруде дұрыс тамақтану да маңызды екенін ескертті. Дұрыс тамақтану – спортшының көрсеткіштерін арттыратын маңызды фактор. Әсіресе, жеңіл көмірсулар мен ақуызға бай тағамдарды тұтыну жаттығу тиімділігін арттырып, денеге қажетті энергияны береді. Жүгіруді бастамас бұрын дәрігермен кеңесу де маңызды. Әсіресе, созылмалы аурулары бар адамдар үшін бұл өте қажет. Мұқан Өтелбайдың айтуынша, кейбір ауру кезінде жүгіру қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, жұқпалы аурулардың өткір түрлері, тірек-қимыл аппаратының аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде жүгіру ұсынылмайды. Қыс мезгілінде жүгіру ағзаны суыққа шынықтырып, иммунитетті күшейтеді. Таза ауада жаттығу жасау тыныс алу жүйесін жақсартады, ағзаға сергектік сыйлайды. Алайда қысқы жүгіру кезінде жылы, ауа өткізетін спорттық киім кию, мұзда жүгіруден аулақ болу, жаттығуды баяу қарқынмен бастау сияқты ережелерді сақтау маңызды.

– Жүгіру – салауатты өмір салтына алғашқы қадам. Бұл спортпен шұғылдану адамның өміріне жаңа леп, қуат береді. Бастысы – өз денсаулығыңызды күтіп, дұрыс жаттығуды үйрену. Әр адам үшін жүгіру жаңа мүмкіндіктердің есігін ашады, – дейді спортшы Мұқан Өтелбай.

Жүгіру – денсаулықты жақсартып қана қоймай, адамның ішкі тәртібін, төзімділігін және өзін-өзі жеңе білу қабілетін дамытатын спорт түрі. Егер сіз әлі де жүгіруге кіріспесеңіз, қазірден бастап осы пайдалы әдетті қолға алуға тамаша мүмкіндік!

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                   

«QH»