Қысқы спартакиада қорытындыланды

Қарағандылық спортшылар «Ақ қыс» облыстық қысқы спартакиаданың жеңімпазы атанды, ал Абай ауданының өкілдері «Қарлы қыс» ауылдық спорт спартакиадасының алтын медалін жеңіп алды. Облыс орталығында дәстүрлі қысқы жарыстардың қорытындысы шығарылды.

Жарысқа облыстың барлық қаласы мен ауылынан 400-ге жуық адам қатысты. Спортшылар қысқы президенттік көпсайыста, шаңғы жарысында (эстафета), шайбалы хоккейде және конькимен сырғанауда бақ сынасты.

Облыстық ауыл спартакиадасының қорытындысы бойынша, Абай ауданының спортшылары алтын медальға қол жеткізді, ал екінші орында – Нұра ауданы, үшінші орында – Осакаровка ауданы.

Нұра ауданының хоккей командасы тамаша ойын көрсетті.

– Біз ерекшелендік, хоккейден аудандар арасында бірінші орын иелендік. Бұл нәтижеге қол жеткізуге тұрақты жаттығулар көмектесті. Біздің ауданда жақсы жабық спорт корты салынды. Жазда футболмен, қыста хоккеймен айналыса аламыз. Жаттығуға жастардың келетіні керемет. Кіші жас санатындағы оқушылар қуана айналысатын секциялар ашылды, – дейді Нұра ауданы хоккей командасының капитаны Шалғымбай Баспақов.

Қалалар арасындағы спартакиадада қарағандылық команда үздік атанды. Екінші және үшінші орындарда – Теміртау мен Шахтинск.

– Біз әрбір спартакиада сайын бірінші орынға бет аламыз. Әрдайым оған қол жеткізе алмайтынымыз өкінішті. Біресе спортшылардың денсаулығы сыр берсе, тағы бірде олар толқынысын жеңе алмай қалады. Біздің ең ересек ойыншымыз 65 жаста. Ол – Виктор Лигай, дегенмен жақсы физикалық формада. Командамыздың құрамы өзгеруде, бірақ біз жастарды қабылдауға тырысамыз, – дейді Теміртау қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Владимир Корягин.

Жарыс соңында жеңімпаздар грамоталармен және медальдармен марапатталды.