Қысқы гимназиада басталды

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 14 наурыз күні ХІ қысқы гимназиада басталды. Сайыс шаңғы жарысы, қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, бенди, конькимен сырғанау, шайбалы хоккей сынды спорттың сегіз түрінен өтеді.

– Гимназиада жарыстары мектеп спортының дамуына, оқушылардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан біз еліміздегі алдыңғы қатарлы спорттық сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алған жас спортшылардың қатысуына ерекше назар аударып отырмыз. 2022 жылы қазақстандық оқушылар құрамасы алғаш рет Дүниежүзілік жазғы гимназиадаға қатысып, 64 елдің арасынан 3-орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар берілді, – дейді Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының бас директоры Сағдат Садықов.

Айта кетейік, ХІ қысқы гимназиада Қазақстанның төрт қаласында (Астана, Щучинск, Павлодар және Өскемен) өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 700-ге жуық оқушы қатысады.