Қырық түп ағаш қырқылды

Қарағандыда тағы да ағаш қырқылды. Онсыз да қыс болса көк түтінге тұншығып тұратын қаладағы жасыл желекті жау көретін кәсіпкерлер азаймай тұр. Бұл жолы көпқабатты үй салмақ болған құрылыс компаниясының өкілдері тұрғындар наразылығын біле тұра 40 түп ағашты қырқып тастапты. Мұндай қадамға бару үшін әкімдіктен рұқсат алмағаны тағы бар.

Рас, компания өкілдері қырқылған ағаштарды қоқысқа тастай салмаған. Қаланың басқа бөлігіне апарып отырғызғанын да атап өткен жөн. Дей тұрғанмен мұнысы жасыл желекке жанашырлық емес, қайта қоғам алдындағы көзбояу әрекетке көбірек келеді. Өйткені жаңа орынға көшірілген ағаштардың тамыры үзіліп, кейбірі түбінен кесіліп алынған екен. Көшет болса бір сәрі, «ересек» ағашты бір орыннан екінші орынға көшіру – нәзіктік пен сақтықты талап ететін күрделі жұмыс. Ал мұндай жүрдім-бардым әрекетпен егілген ағаштардың жаңа орынды жерсініп өсе қоюы неғайбыл.

Құрылыс компаниясының жосықсыз әрекеті қала тұрғындары мен экобелсенділердің наразылығын туғызды. Олар қанша ашуға булықса да, компания тарапынан әзірге нақты пікір айтып, түсіндіру жүргізілмеген. Бұған ашынған экобелсенділер полиция іс қозғап, хаттама толтырған күннің өзінде сот нәтижесіз аяқталуы мүмкін деп күдіктеніп отыр.

Оталған ағаштар бұрын Оңтүстік-Шығыс тұрғын аймағындағы балабақшаның аумағын көмкеріп, ауаны тазартып тұрған еді. Бос орынға кәсіпкерлер назары түсіп, көпқабатты пәтер тұрғызуды көздеген екен. Бұл әрекеттерінің табиғат пен қала ауасына орасан шығын келтірерін ойлаған жан болмаған тәрізді. Олардың жосықсыз әрекеттерін тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде үлкен дауға ұластырды.

– Қылмыстық іс қозғалады, содан кейін тоқтап қалады. Негізі, бұны аяғына дейін жеткізіп, компенсациялық отырғызуды соңына дейін жеткізу керек. Сонда заңсыз құртылған бір ағаштың орнына 50 ағаш егілуі тиіс. Бұл жерде тікелей заңбұзушылық көрінісі бар. Қырық ағаш кесіліп, басқа жерге рұқсатсыз көшірілген. Оның үстіне, бұл жұмыстарды кәсіби технологтер қадағаламағандықтан, кемшіліктер орын алған, – дейді Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Марат Түсіпов.

Құрылыс компаниясының ағаштарды өзім білемге салып отап жатқанынан ресми органдар бейхабар қалған. Олар болары болып, бояуы сіңген соң ғана мәселенің жайымен танысып, шығып көлемін анықтаған көрінеді.

– Біздің әкімдік құрылыс компаниясына ағаш кесуге рұқсат берген жоқ. Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс ПБ-ға хат жолданды, қылмыстық іс қозғалып жатыр. Шығын көлемі 1 200 АЕК, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігі Көгалдандыру бөлімінің маманы Айгерім Ержанова.

Ірі құрылыс компаниясы үшін 1 200 АЕК, яғни шамамен 4 млн теңгеден сәл асатын қаржының көп шығын емесі анық. Енді қайта егілген ағаштардың жайқалып өсуі күмән тудырады. Негізі, қылқанжапырақты ағашты бір жерден екінші жерге көшіру үшін қаңтар айының қазіргідей 15-17 градус суық кезі қолайлы. Бірақ бірқатар талап бар. Соның ең негізгісі – ағаштардың тамыры қомақты топырағымен қоса алынуы керек. Ал әлгіндей жағдайда көшірілген ағаштың қайта көктемесіне сенім кәміл. Экологтер болса құрылыс компаниясы өкілдерінің және жалпы табиғатқа жаны ашымай, жасыл желектерге жауша тиетіндердің бұл ісін заңның осалдығынан көріп отыр.

– Компания өкілдері құрылыс салуға рұқсат алғанымен, ағаш кесуге рұқсат алып жатқан жоқ. Экобелсенділер полиция шақырып іс қозғатқанымен, қозғалған қылмыстық іс сотқа барғаннан кейін тоқтап қалады. Себебі әкімдік өкілдері сотта «жасыл желектер біздің баланста болмаған» деп шығады. Соның салдарынан жазаға тартылып жатқан ешкім жоқ, – дейді «Қарағанды экомузейі» ҚБ даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков.

Қаперге салған жөн, ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты жарты миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

 

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,

«QH»