Қыран қазақ

Қазақтың қайсар қыранына айналып өмірі қиылған Нүркен Әбдіров алты алашқа аңыз аты қалған, тәні қан майданның қызыл қырғынында қалған айбоз ұл еді. Кеңес Одағы Батырының ерлігін ұлықтау мақсатында Қалалық білім бөлімінің бастамасымен Нүркен Әбдіровке арналған «Қыран қазақ» қалалық ғылымипрактикалық конференция өтті. Аталмыш жиын «Нүркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ базасында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Мақсаты — Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровтің және Ұлы Отан соғысына қатысқан Қарағанды өңірінің азаматтары өмірін, мұрасын зерттеу және насихаттау. Конференция «Ақ қырандар көші» — Ұлы Отан соғысының атақты ұшқыштары туралы зерттеу жұмыстары, «Жеңіс жауынгері тарихы» — оқушылар Ұлы Отан соғысының ардагер туыстары туралы баяндаған мақалалар, шығармалар, «Мұзбалақ қырандар» — Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровке арналған 7–10 сынып оқушыларының өз қаламынан туған өлеңдер байқауы, «Ерлікке тағзым» — 7–10 сынып оқушыларының сурет байқауы бойынша төрт бағытта өтті. Онлайн форматта өткен конференцияға Қарағанды, Балқаш, Саран қалаларының, Қарқаралы, Ақтоғай аудандарының 7–11 сынып оқушылары мен педагогтері қатысты.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»