Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады

Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады – С. Брекешев геологиялық саланың кадр резервін күшейту туралы.


Үкіметтің бүгінгі отырысында Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрлері геология саласындағы жағдай туралы, сондай-ақ саланы дамыту үшін қандай шешімдер қабылданып жатқаны туралы баяндады, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасының Геология саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын ұсынып отыр.
«Қазақстан Республикасының жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мемлекет экономикасын дамыту үшін негізгі мәнге ие. Бұл ретте, пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басым сын-қатер – қорлардың төмен деңгейде толықтырылуы», — деді Серікқали Брекешев.
Бұдан басқа, көмірсутек шикізатын барлау үшін тартылатын инвестициялардың екі есеге жуық, яғни 140 млрд теңгеден 79 млрд теңгеге дейін төмендеуі байқалады. Бұл, негізінен, жалпы әлемдік төмен көміртекті саясатқа көшумен байланысты.
Бұдан өзге, геология саласының жай-күйі мен даму перспективаларына теріс әсер ететін проблемалардың ішінде:
— инфрақұрылымды және бизнес-процестерді цифрландырудың төмен деңгейі;
— кадрлардың тапшылығы;
— жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге ғылыми ұйымдардың жеткіліксіз деңгейде қатысуы;
— геологиялық ақпараттың сақталу инфрақұрылымының дамымауы секілді проблемаларды бөліп көрсетуге болады.
«Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлауға инвестиция тарту үшін жағдай жасау», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Ол үшін 2 нысаналы индикатор, 8 күтілетін нәтиже айқындалды және 36 іс-шара әзірленді.
Сала проблемаларын шешу үшін геология саласын дамытудың 4 бағыты көзделген. Олар:
Жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толықтыру.
Геология саласын цифрландыру және ақпараттандыру.
Геология саласын ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету.
Геология саласының инфрақұрылымын дамыту.
Әрі қарай Серікқали Брекешев аталған әр бағыт бойынша толығырақ тоқталып өтті.

Министрдің мәлімдеуінше, жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру және минералдық-шикізат базасын толдықтыру үшін картаға түсіру бойынша 1:200 000 масштабынан 1:50 000 масштабына көшу жүзеге асырылатын болады.

Жер қойнауын геологиялық зерттеудегі ғылыми және ғылыми тұрғыдан білім беру ұйымдарымен интеграция жүргізілетін болады. Оның шеңберінде геология саласын дамытудың теориялық негізі дайындалады. Сонымен қатар ғылыми-әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз етілетін және пайдалы қазбалар кен орындарын іздеудің тиімді әдістері әзірленетін болады.

Министрдің айтуынша, бұл пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелерді анықтауға, Қазақстан Республикасының нарығында геологиялық барлау компанияларының қызметін жандандыруға және геологиялық барлауда инновациялық және озық технологиялар трансфертін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда, өкінішке орай, геологиялық ақпаратты ұсыну қағаз жеткізгіштерде жүзеге асырылады және ұзақ уақытты алады.

«Біз Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, KAZNEDRA ақпарат платформасын әзірледік. Оның шеңберінде геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық деректер банкін геологиялық ақпаратпен толықтыру жүргізілуде. Сонымен қатар платформа жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа ауыстыруды көздейді», — деді С. Брекешев.

Осылайша қызмет көрсету және геологиялық ақпарат алу мерзімдерін қысқартылып және сәйкесінше, геологиялық барлауға инвестициялар тарту қамтамасыз етілмек.

Бүгінгі таңда KAZNEDRA ақпараттық платформасы пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңына дейін платформаға 30 мың геологиялық есеп жүктелетін болады.

Оған қоса, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету мәселелері салаға айтарлықтай әсер етеді. Арнайы бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі айқын көрініс табуда. Сонымен қатар қазіргі уақытта тәжірибелі геологтардың орташа жасы зейнеткерлік жасына жақын. Ал жақында ғана оқуын аяқтаған жас мамандар сандық және сапалық құрамы жағынан сұранысты қанағаттандырмай отыр.

Өз кезегінде ғылыми геологиялық ұйымдар жер қойнауын зерттеу және геологиялық барлау бойынша практикалық жұмыстарға аз қатысады.

Геология саласын ғылыми-зерттеу және кадрлық қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында салалық нұсқаулықтар мен әдістемелік ұсынымдар әзірленетін болады. Ғылыми ұйымдар жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге тартылатын болады және геологиялық барлау жұмыстарын жолға қоюдың озық ғылыми негіздемесін қамтамасыз етеді.
Әрі қарай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР геологиялық саласын дамыту тұжырымдамасы туралы баяндады.

«Геология салаcын дамытудың тұжырымдамасы – еліміздің негізгі стратегиялық құжаттарының бірі», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Құжатта саланы одан әрі дамыту пайымы қалыптастырылды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлауға инвестициялар тарту үшін жағдай жасауға бағытталған негізгі қағидаттардан, тәсілдерден және шаралардан тұрады.

Министрдің айтуынша, 2017 жылы жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық реформа, пайдалы қазбаларды барлауға жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде салада 700-ден астам отандық юниор компаниялар құрылды, Rio Tinto, Fortescue және Йылдырым сияқты әлемдік нарықтың ірі компаниялары тартылды.

2018 жылдан бастап қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1 922 лицензия берілді. Кіші компаниялардың үлесі 90%-дан асты.

«Барлық қабылданған шараларға қарамастан, саланың тиімді дамуына кедергі келтіретін тежегіш факторлар қалып отыр», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Жер қойнауы учаскелерінің тек 5%-ы ғана лицензияланған, ел аумағының шамамен 1,4 млн. шаршы шақырымы әлі де қолжетімді.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін заңнама мен рәсімдерді айтарлықтай жеңілдету қажет.

Сондықтан тұжырымдама шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласында лицензиялар алу жөніндегі рәсімдерді барынша жеңілдету, инвесторлар мен уәкілетті органдар арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру және қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензиялар беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Министрдің мәлімдеуінше, бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталды. Мәселен, биылғы 1 қарашадан бастап, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында minerals.gov.kz пилоттық режимде лицензия беру модулі іске қосылды.

Электрондық хабарламалар бағыты бойынша функционал іске асырылды. Барлауға арналған учаскелер бойынша электрондық аукциондар өткізу процесі автоматтандырылды.

Алғаш рет аукцион жеңімпазы лицензия берілгенге дейін қол қою мен төлем жасамағаны үшін, оған санкция беру тетігі енгізілді. Сонымен қатар «өндіру» учаскелерінде аукционды автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Заңнаманы жетілдіру мақсатында рәсімдерді автоматтандыру және оңайлату бойынша Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер пакеті әзірленіп жатыр

Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес, заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу мерзімі – 2023 жылғы желтоқсан.

«Арнайы бағыттағы мамандарды нысаналы даярлау жүргізілетін болады, сондай-ақ қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Студенттер жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу объектілерінде өндірістік практикадан өтетін болады. Бұл практикалық деңгейді жақсартуға және пайдалы қазбалары бар жаңа перспективалы аумақтарды ашуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сонымен қатар кеологиялық ақпараттың заттай жеткізгіштерінің инфрақұрылымын дамыту үшін заманауи қор қоймасы, 2 жаңа керн қоймасы құрылатын болады және 4 керн қоймасы қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ «ALS Қазгеохимия» зертханасы үшін халықаралық аккредитация алу бойынша жұмыс аяқталады.

Заманауи геологиялық инфрақұрылымның арқасында алынған барлық геологиялық ақпараттың сақталуы қамтамасыз етіледі. Зертхананы халықаралық аккредитациялау кернді елден тыс шығармастан талдау жүргізуге мумкіндік береді.

Аталған тәсілдерді іске асыру 2025 жылдан бастап геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу жөніндегі мемлекеттік инфрақұрылыммен және геологиялық ақпаратқа ашық электрондық қолжетімділікпен 100% қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Келесі нәтижелерге қол жеткізіледі.

Геология саласындағы мамандардың, оның ішінде Ұлттық геологиялық қызмет, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган және ғылыми мекемелер қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;
Ұлттық геологиялық қызмет жұмысын геология саласындағы ғылыми зерттеулер мен жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жоспарлау және жүргізу бойынша ғылыми және ғылыми тұрғыдан білім беру ұйымдарымен интеграциялау;
Барлық геологиялық ақпаратты (бастапқы және қайталама) цифрлық форматқа аудару;
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жүргізу бойынша нормативтік-әдістемелік базаны жаңарту;
1:50 000 масштабты карталау арқылы жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің тиімділігін арттыру;
Геологиялық ақпаратқа ашық қолжетімділігі бар бірыңғай салалық ақпарат платформасын құру;
Мемлекеттік жер қойнауы қорының цифрлық бірыңғай кадастрын құру;
Геологиялық материалдарды сақтаудың заманауи инфрақұрылымын салу.
«Аталған нәтижелер геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тартуға және жалпы геологиялық саланың дамуына серпін берері анық. Геология саласын дамыту жөніндегі тұжырымдаманың негізгі бағыттары, міндеттері мен индикаторлары осындай», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Әрі қарай энергетика министрі Болаш Ақшолақов геологиялық саланы дамыту мәселесі бойынша баяндады.

Министр көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру бойынша Энергетика министрлігінің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Министрлік «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске бірнеше өзгерістер дайындады:

Алынуы қиын қорларды игеруге тарту мақсатында «дәстүрлі емес көмірсутектер» бойынша тиісті нормалар енгізілді (тақтатас мұнайы, тақтатас газы, табиғи битум, газ гидраттарынан алынатын газ және басқалар).
Аукциондар арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша рәсімдер жеңілдетілді, атап айтқанда:
қолданыстағы дерекқорлармен интеграциялау, бұл құжаттар санын қысқартуға мүмкіндік береді;
кепілдік жарнаны енгізу ;
аукциондарды жылына 2-ден 4 есеге дейін ұлғайту;
екінші орын алған қатысушымен келісімшарт жасасу ;
Реттеушілік және фискалдық преференциялардың елеулі пакетін бекітетін күрделі жобалар бойынша жер қойнауын пайдалану саласында «Жақсартылған модельдік келісімшарт» енгізілді.
«Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі Қазақстанның мұнай-газ саласының минералдық-шикізат базасын толықтыруға және күрделі жобалар бойынша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. ЖМК теңіз және газ жобаларына, сондай-ақ құрлықтағы күрделі жобаларға қолданылатын болады», — деді министр Болат Ақшолақов.

Күрделі жобалар үшін күкіртсутегінің жоғары мөлшері (3,5% немесе одан көп), тұздың қалыңдығы кемінде 100 метр болатын тұз асты шөгінділері, құрылымдық емес тұзақтар және басқалар сияқты нақты өлшемшарттар белгіленді.

ЖМК төрт ірі өндіру жобасына (Теңіз, Королев, Қашаған, Қарашығанақ кен орындары) қолданылмайды.

Реттеуші преференциялар пакеті мыналарды көздейді:

берілетін преференциялардың тұрақтылығы;
Қазақстан соттарында да, халықаралық төрелікте де бұзылған құқықтарды қорғау мүмкіндігі;
барлау кезеңінен өндіру кезеңіне оңайлатылған көшу және т.б.
Фискалдық преференциялар пакеті мыналарды көздейді:

жер қойнауын пайдаланушыларға салық салудың оңайлатылған режимін қолдану;
мүлік салығынан босату;
күрделі шығындар бойынша амортизацияның шекті нормаларын 50%-ға ұлғайту және т.б.
«Бүгінгі таңда заң жобасы Парламенттің мақұлдауын алды және Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Энергетика министрлігі Күрделі жобалар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған үлгілік келісімшарттар әзірледі», — деді Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуныша, 9 айдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдалану саласына инвестициялар 5,9 трлн теңгені құрады, оның ішінде геологиялық барлауға 119,5 млрд теңге бағытталды. Министрлік жыл сайын бірінші кезекте мұнай мен газға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге бағытталған электрондық аукциондар өткізеді.

22 шілдеде 21 учаске бойынша бір аукцион өтті, онда 24,0 млрд теңге сомасына ең төменгі жұмыс бағдарламасымен 12 млрд теңге мөлшерінде рекордтық қол қою бонусы алынды. 23 желтоқсанда геологиялық қорлары 63,5 млн тонна болатын 41 учаскеде көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге және 60,0 млрд теңге сомасына ең төменгі жұмыс бағдарламасына кезекті аукцион өткізілетін болады

«Экология министрлігі жер қойнауын пайдалану саласында инвестициялар тарту және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелерін ерекше бақылауда ұстайды», — деді Болат Ақшолақов.