Ғылымды кәсіпке айналдырған…

Елімізде жиі айтылатын мәселенің бірі – ғылымды бизнеске алып келу. Рас, қазіргі таңда экономика, әлеуметтану ғылымдарының зерттеулерін бизнесте тиімді пайдаланып жүрген ірі кәсіпорындар да бар. Айтпағымыз ол емес бірақ. Біздің кейіпкеріміз – биология ғылымын зерттеп, сол саланы кәсіпке айналдыра білген жан.

Ғылым мен кәсіпті ұштастыра білген Арайлым Серікбай 1992 жылы Балқаш қаласында дүниеге келген екен. Биология саласына ерте бастан қызығушылық танытқан азаматша Е.А.Бөкетов атындағы университеттің биология-география факультетінде тәлім алады. Бакалавр дәрежесімен шектеліп қалмай, көңілі қалаған саланың магистратурасы мен PhD докторантурасын да ойдағыдай тәмамдап, шетелдік тағылымдамадан өткен.

Ол кейінгі он жылда «Вермикультура әдісімен биогумус алу» тақырыбын зерттеген екен. Ұзақ жыл жиған білімі мен тәжірибесін кәдеге асыру және жас ғалымдармен бөлісу мақсатында арнайы орталық ашуды ойластырған. Әрине, кез келген кәсіпті ашу үшін бастапқы капитал қажет. Сондықтан бизнес-жоспар әзірлеп, Қарағанды қаласы әкімінің грантына қатысуға өтінім береді. Комиссия мүшелері жобаға қызығушылық танытып, қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда Арайлым Талғатқызы Ғылыми білім беру орталығын ашуға дайындық жұмыстарын жүргізуде.

– Қазіргі таңда еліміздің экожүйесін дамыту қолға алынуда. Биогумус өте пайдалы органикалық тыңайтқыш болғандықтан, оған деген сұраныс та көп. Сонымен қатар табиғи микроэлементтер арқылы отандық өнімді күшейту, химиялық тыңайтқышқа тәуелділікті азайту аса маңызды. Аз шығынмен экологиялық таза өнім алып, оны кәсіпке айналдыруға болады. Сол себепті алысқа бармай-ақ өз аулаңызда биогумус өндіру барлық жағынан тиімді, – дейді Арайлым Серікбай өз жобасы жайында.

Ғылыми білім беру орталығында жастарға микрозелень өсіру әдістері және экочипсы алу әдістері үйретіліп, экосауаттылық негіздері оқытылмақ. Сондай-ақ жас ғалымдардың стартаптарына қолдау білдіру, олардың ғылыми зерттеу жұмыстарын коммерцияландырып, табыс көзіне айналдыруларына жол ашу да – басты мақсаттардың бірі.