Ғылым мен инновацияның жаңа кезеңі

Қарағанды индустриялық университетінде «Адам капиталын, техникалық білім беруді, инженерлік ғылым мен инновацияларды дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты» атты LVI республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды жиын Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығына арналды.

Маңызды басқосуға ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер және халықаралық ғылыми орта өкілдері қатысты. Конференцияда инженерлік ғылымды дамыту, сапалы кадр даярлау және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқыланды.

Шара Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен ұйымдастырылып, Конференция қатысушыларына Түркі әлемі математикалық қоғамының және Қазақстан Республикасы Математикалық қоғамының президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик, Қарағанды индустриялық университетінің құрметті профессоры Бақытжан Жұмағұлов құттықтау жолдады. Ол өз сөзінде инженерлік кадрларды даярлау ел экономикасын жаңғыртудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті.

Пленарлық отырысқа белгілі ғалымдар мен сала мамандары қатысты. Олардың қатарында химия ғылымдарының докторы, академик, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті химия факультетінің деканы Марат Ибраев пен техника ғылымдарының докторы, профессор Қабидолла Сарекенов бар. Жиында отандық және шетелдік сарапшылар заманауи инженерлік шешімдер, жаңа білім беру тәсілдері мен инновациялық технологиялар жөнінде баяндама жасады.

Конференция аясындағы екі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алғашқы келісім Қарағанды индустриялық университеті мен Constructor University арасында жасалып, академиялық алмасу мен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жол ашты. Екінші меморандум «Таза Қазақстан» жобасы шеңберінде университет, облыстық экология департаменті және «Гордорсервис-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында бекітілді. Бұл құжат өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге және жасыл технологияларды енгізуге бағытталған.

Жиын барысында ғылым мен білім саласына үлес қосқан университет қызметкерлері мен ғалымдарын марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар маманға Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының мүше-корреспонденті дипломдары табысталды. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Теміртау қаласы әкімдігінің марапаттары мен «Ғылым үздігі» құрмет дипломдары тапсырылды.

Конференция аясында жаңа білім беру және ғылыми нысандардың ашылуы да көпшіліктің назарын аударды. Соның бірі – студенттердің цифрлық қабілеттерін дамытуға арналған «Intellect Media Hub» бейнежазу студиясы. Бұл орталық білім беру контентін әзірлеуге және шығармашылық бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ университетте «Тамақ өнімдерінің технологиясы» зертханасы мен жылу-масса алмасу қондырғыларына арналған заманауи зертхана пайдалануға берілді. Жаңа нысандар студенттердің тәжірибелік даярлығын күшейтіп, қолданбалы зерттеулер жүргізуге жағдай жасайды.

Конференция жұмысы секциялық отырыстарда жалғасын тапты. Онда нанотехнология, цифрландыру, экология, тұрақты даму және өндірістегі инновациялар бағытында 200-ден астам баяндама ұсынылды. Пікірталастарға Қазақстанның ғалымдары, оқытушылары, докторанттары, магистранттары мен студенттері, сондай-ақ Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және Беларусь елдерінің жоғары оқу орындары өкілдері қатысты.

Шара барысында университеттің ғылыми жетістіктері мен жаңа жобалары таныстырылған көрме де ұйымдастырылды. Көрме қонақтар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»