Ғылымға адал жол: өндірістен зертханаға дейінгі сапар
Ғылым күніне арналған сұхбат
Қазақстанда 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – еліміздің ғылыми жетістіктерін дәріптеп, ғылым жолында аянбай еңбек етіп жүрген зерттеушілер мен ғалымдардың еңбегіне құрмет білдіретін маңызды мереке. Ғылым – тек жаңалық ашу ғана емес, қоғамды ілгері сүйрейтін, экономиканы дамытатын, болашаққа бағыт беретін күш. Осы атаулы күнге орай біз металлургия саласында еңбек етіп жүрген жас ғалым, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Нанотехнологиялар және металлургия кафедрасының меңгерушісі, PhD Әубәкіров Дастан Рахметоллаұлымен сұхбаттасып, ғылымға келу жолы, қазіргі зерттеулері мен болашаққа көзқарасы туралы әңгімелестік.
– Сіз ғылымға қалай келдіңіз? Бұл салаға деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды?
– Ғылымға деген қызығушылығым менің инженерлік қызметіммен тығыз байланысты болды. Осыдан шамамен 15 жыл бұрын «Қазақмыс Корпорациясы» құрамындағы «Қарағанды құю зауытында» инженер-технолог ретінде еңбек жолымды бастадым. Жұмыс барысында өндірістік үдерістерде түрлі технологиялық проблемалар жиі туындайтын – өнім сапасын арттыру, ақаулармен күресу, операцияларды оңтайландыру және тағы басқалар.
Сол уақытта зауытта негізгі өнімдердің бірі – пайдалы қазбаларды ұсатуға арналған шойыннан жасалған шарлар болатын. Бұл өнімдердің өлшеміне байланысты жиі ақаулар шығып тұрды, соған орай бір топ мамандармен тәжірибелік-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастадық. Осы зерттеу жұмыстары арқылы мен металл мен қорытпалардың қасиеттерін тереңірек зерттеуге бет бұрдым.
Бұл жолда маған үлкен үлгі болған білікті мамандар болды: зауыт директоры, техникалық ғылымдар кандидаты Бақытбек Жақпарович Толуқпаев, өндіріс директоры Боранбай Әбішкенұлы Әбішкенов, цех басшысы Виталий Юрьевич Пелипенко және тағы басқалар. Сол кісілерден үйренген тәжірибем мені ғылымға жетеледі. Ал 2015 жылы Қарағанды техникалық университетіндегі «Металлургия, материалтану және нанотехнологиялар» кафедрасына келіп, ғылыми жұмысымды жүйелі түрде жалғастырдым.
– Қазіргі таңда қандай ғылыми жобалармен айналысып жатырсыз?
– Ғылыми-зерттеу бағытым негізінен болат және шойын қорытпаларының құрылымы мен қасиеттерін зерттеуге, олардың сапасын арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда кафедра құрамында келесі ірі жобалар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз:
Квази-энтропиялы қорытпаларды жасау;
Біртекті құрылымы бар күрделі легирленген болаттарды алу;
Отқа төзімді қаптама алу технологиясы;
Легирленген құймалар алу үшін экзогенді суспензия технологиясы;
Ферроқорытпа өндірісінің шаңынан сапалы өнім жасау;
Метал-керамикалық материалдар синтездеу.
Бұл жобалар – Қазақстан өнеркәсібінің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
– Ғылымның қоғамдағы рөлі туралы не ойлайсыз?
– Ғылым – кез келген елдің дамуының өзегі. Экономикалық, әлеуметтік, технологиялық тұрғыдан өркендеу тікелей білім мен ғылымға байланысты. Егер орта білім деңгейі төмен болса, ол жоғары оқу орнындағы білім сапасына, әрі қарай ғылым мен өндірістегі білікті кадрлардың жетіспеушілігіне әкеледі. Сондықтан ғылым – қоғам тірегі.
– Жастарды ғылымға тарту үшін не істеу керек?
– Бірінші кезекте, жастарға ғылыммен айналысудың қадірі мен пайдасын көрсету керек. Ғалым болу – беделді де, пайдалы кәсіп екенін ұғындыру қажет. Сонымен қатар, материалдық жағынан ынталандыру, ғылыми жетістіктерді көпшілікке жария ету маңызды. Білім беру жүйесінде санға емес, сапаға мән беру де жастарды ғылымға тартудың бір жолы.
– Ғылыми мансабыңызда кездескен ең үлкен қиындық қандай болды?
– Қиындық әрдайым кездеседі, олардың қайсысы ең үлкен болғанын айту қиын. Ғылым – үздіксіз ізденіс. Бірақ мен үшін ең үлкен қиындық – уақытты тиімді басқару. Ғылыми жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансты сақтау үшін басымдықтарды дұрыс белгілеп, демалысқа уақыт бөлуге тырысамын.
– Ғылымдағы ең үлкен жетістігіңіз қандай?
– Жеке жетістігімнен гөрі, ғылыми ұжымымыздың табысын ерекше атап өткім келеді. Қазір біз жалпы сомасы 444,9 миллион теңгені құрайтын ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ұжым еңбегінің жемісі.
– Жас ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қателіктен қорықпау керек. Ең бастысы – үздіксіз оқу мен ізденуді тоқтатпау.
– Алдағы 10—20 жылда ғылымда қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?
– Металлургия саласында ең басты тренд – экологиялық тұрақтылық пен тиімділік. Жаңа материалдар, қалдықтарды қайта өңдеу, көміртегі шығарындыларын азайту – осы бағыттарда ауқымды өзгерістер болады. Бұл салаға автоматтандыру мен инновация кеңінен енетіні анық.
– Қазақстанда ғылымды дамыту үшін не істеу керек?
– Білім сапасын арттыру, ғылыми еңбектерді насихаттау, жас ғалымдарға қолдау көрсету, ғылыми жобаларды қаржыландыруды ұлғайту – міне, осы бағыттарда нақты әрекеттер қажет.
– Дастан Рахметоллаұлы, сұхбатыңызға рақмет. Сізді және осы ғылым саласында жүрген барша әріптестеріңізді кәсіби мерекелеріңіз, 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаймыз!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»