Велотұрақ ашылды
Балаларға қолайлылық – басты міндет. Қаламыздың екі бірдей білім ошағында оқушыларға арналып велотұрақ орнатылды. Бұдан былай мектеп оқушылары сабаққа велосипедпен барып, көлігін сенімді тұраққа қойып кететін болады.
Қаламызда алғаш рет мектеп маңына велотұрақ орнату тәжірибесі қолға алынып, екі бірдей мектепте оның тұсаукесері өтті. Атап айтар болсақ: Майқұдықтағы №14 мектеп және Оңтүстік-Шығыс ауданында орналасқан Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл екі мектептің таңдалуының да себебі бар.
– Балалар велосипедтерін қоятын арнайы орын жасадық. Ол жерден ешкім ұрлай алмайды, тиісе де алмайды. Бұл екі мектепті таңдаған себебіміз – осы екі мектеп оқушылары әр ауданнан велосипедпен жетеді екен. Сондықтан осы білім ордаларына орнатуды жөн көрдік, – дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары Дмитрий Цай.
Шараның ашылу салтанаты барысында балаларға викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге түрлі сыйлық үлестірілді. Олардың арасында Әнуар Қайырбек те бар. Ол – мектебінде осындай велотұрақ орнатылғанына дән риза.
– Велотұрақтың ашылуы бізді қуантып отыр, достарымның барлығында велосипед бар. Өзім мектепке күнде велосипедпен барамын. Бүгін бізге мектепке қажет сыйлықтар берді, – дейді Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Әнуар Қайырбек.
Бұл бастама әуелі қоғамдық кеңесте талқыланды. Себебі қазіргі таңда жастардың көбі экологиялық көлік түрлеріне көшкен. Білім басқармасы басшысының орынбасары Дмитрий Цай алдағы уақытта қаламыздың басқа да білім ошақтарында осындай велотұрақ орнатылатынын мәлімдеді.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»