Әуезов мүсіні ашылды
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Қарағандыда Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен «Заманның заңғары – Мұхтар Әуезов» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Бұдан бөлек Мұхтар Әуезов кітапханасының жанындағы алаңқайда қаламгер мүсіні ашылды.
Конференцияда аймақтағы филология ғылымының өкілдері, ғалымдар мен студенттер Абай мұрасы, Мұхтар Әуезовтің әдебиет пен ғылымға сіңірген еңбегі жөнінде тұшымды пікірлерімен бөлісті. Осыдан соң жиылған көпшілік жазушы бюсінің ашылу рәсіміне қатысты.
Бұл шараға Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ербосын Бағыбаев Астана қаласынан арнайы келіп қатысты. Қонақтар жазушыны еске алып, гүл шоқтарын қойды. Жиында ҚР Білім меценаты, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры һәм бюстің ашылуына бастамашы болған Есжан Әміров жылы лебізін білдіріп, бұл шараның жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеудегі маңызы ерекше екенін айрықша атап өтті.
– Мұхтар Әуезовтің бюсін жасау мәртебесі бұйырғанына қуаныштымын. Бұл – менің атақты тұлғалардан бесінші жұмысым. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметовтердің мүсінін салғанмын. Мұхаңның бюсін 1 айдай уақытта аяқтадым. Қиындау болды. Өйткені ойлы көзі мен бөлек болмысын, образын ұқсату оңай емес. Өте жауапкершілікпен қарадым. Биіктігі – тұғырын қосқанда 2,5 метр, – дейді бюст авторы Ербосын Тоқтасынұлы.
Бұдан соң қалың көпшілік жазушы есімін иеленген кітапханаға ат басын бұрып, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлермен танысты.
Өз тілшімізден