ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙТЫН ҚУЫРШАҚТАР
Соңғы кездері қоғамда «будуар» қуыршақтары аса танымал бола бастады. Олар тапсырыс арқылы адам бейнесіне барынша ұқсатып жасалады.
ХХ ғасырдың 20 жылдары басында пайда болған «будуар» қуыршақтары сәнді әрі өте көрнекті аксессуар ретінде жасалған. Сондықтан көпшілігінің бойы 50-100 см аралығында. Тіпті арасында биіктігі 120 сантиметрге жететіндері де бар. Олар ең алғаш Францияда пайда болған. 1910 жылы атақты модельер Пол Пуаре өзінің модельдеріне сүйкімді «будуар» қуыршақтарын ұстатып сән көрсетілімін жасады. Қыздармен бір стильде киіндірілген олар көпшілікке керемет әсер еткен. Бірақ Еуропаның басқа елдерінде бұл қуыршақтар 1915-1918 жылдары ғана танымал бола бастаған. Қарағандылық дәрігер Елена Авилова қолы бос кезде осы «будуар» қуыршақтарын жасаумен айналысады. Шағын ғана пәтерін шеберханаға айналдырған. Шикізатты сонау шетелден алдырады екен. Туындыларының көпшілігі – тарихи тұлғалар. Еленаның ең жақсы көретін әрі сәтті шыққан туындысы – Дина Нұрпейісованың қуыршағы. Әйгілі күйшінің образын айнытпай жасаған. Суретші Абрам Черкасский «Жамбыл мен Дина Нұрпейісова» деп аталатын картинасын көрген соң бірден қызығушылығы оянып, өнерпаздың өмірбаянын зерттей бастаған. Қаншама оқулық ақтарып, мұрағат қорындағы күйлерін тыңдайды.
– Сол дәуірді жүрекпен сезіну керек. Әйтпесе туынды сәтті шықпайды. Тіпті киімін тіккен кезде де матасына, үлгісіне мән беремін. Түпнұсқадан ауытқымауға тырысамын. Мен үшін ең қиыны киімін тігу болды. Өзім тігінші болмағандықтан, дәл осы жұмыс көп уақытымды алды, – дейді дәрігер Елена Авилова.
Шебер, негізінен, тарихи тұлғалардың бейнесін жасайды. Әр қуыршақтың өз төлқұжаты бар. Шикізатқа сазбалшық, пластик, гипс қосылған қағаз қолданады екен. Айтуына қарағанда, кей қуыршақты жасап шығуға тіпті жылдап уақыт кетеді екен. Қазір оның қолында ондаған қуыршақ қалған. Біразын достарына сыйға тартыпты. Ең қызығы, Елена еңбегін ешқашан саудаламайды.
– Қазіргі таңда Елена Владимировна – Қарағандыда авторлық қуыршақ жасайтын жалғыз шебер. Қуыршақтары да, жасау техникасы да ерекше. Бұл қуыршақтарды жасау үшін ермексаздың өзін шет мемлекеттерден алғызады ол кісі. Шаштарын Дағыстаннан алғызатынын кітапханамызда өткен кездесуде айтқан, – дейді кітапханашы Балжан Оспанқұлова.
Елена Авилованың негізгі мамандығы – дәрігер. 36 жыл осы салада тынбай еңбек етіп келеді. «Сәулелі диагностика» мамандығынан медицина ғылымдарының кандидаты. Интерьер қуыршағын жасау – оның хоббиі. Адамның анатомиясын жетік білгендіктен кез келген қуыршаққа жан бітіріп, аса шебер жасайды. Ал медицина құралдарының кейбірін қуыршақ жасағанда қолданады екен.
Ең алғашқы қуыршақтар Египеттің, Грекияның және Римнің ежелгі өркениеттерінен бастау алады. Ал бұл ойыншықтардың заманауи өндірісі XV ғасырда Германияда пайда болды. Қазіргі әлеумет қуыршақтарды ойыншық ретінде ғана емес, үйге көрнекілік ретінде немесе кәдесый ретінде алады. Олардың 10-нан аса түрі бар.