Қуаңшылық қаупі: егіннің жайы қалай?

Қарағанды облысында соңғы күндері қалыптан тыс ыстық ауа райы сақталып тұр. Кейбір аудандарда күндіз ауа температурасы +39…+45 градусқа дейін көтеріліп, топырақтың беткі қабаты 65 градусқа дейін қызуда. Мұндай жағдай егіннің жай-күйіне алаңдаушылық туғызғанымен, мамандар әзірге өнімге төнген қауіп туралы нақты қорытынды жасауға ерте екенін айтады.

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, өңірде құрғақ әрі ыстық ауа райы қалыптасқан. Әсіресе Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарында ылғал тапшылығы байқалып отыр. Жоғары температура мен жауын-шашынның аз болуы топырақтағы ылғалдың тез булануына, өсімдіктердің күйзеліске ұшырауына әсер етеді.

Соған қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдейді. Ведомствоның айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша егістіктің басым бөлігі жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда сақталған. Құрғақшылық байқалған өңірлерге тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

– Бүгінде республикадағы егістіктің 96 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Қарағанды облысының бір бөлігінде құрғақшылық байқалғанымен, жағдай тұрақты бақылауда. Нақты қорытынды егін жинау науқаны кезінде белгілі болады. Фермерлер құрғақшылыққа төзімді тұқымдарды пайдаланып, минералды тыңайтқыштарды уақытылы енгізді. Бұл өнімді сақтауға мүмкіндік береді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезеңде ауа райының әрбір күні маңызды. Алдағы уақытта жауын-шашынның түсуі егістіктің жағдайына оң әсер етуі мүмкін. Сондықтан диқандар алқаптарды бақылауды күшейтіп, агротехникалық шараларды уақытылы жүргізуге басымдық беріп отыр.

Ауылшаруашылығы саласы үшін биылғы жаз үлкен сынаққа айналғанымен, мамандар өнім көлеміне қатысты алаңдауға әзірге негіз жоқ екенін айтады. Егін орағы басталғаннан кейін ғана биылғы маусымның нақты нәтижесі белгілі болады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»