ТЖМ: өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 394 орман және 22 дала өрті тіркелді

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 394 орман және 22 дала өрті тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 35 мың гектарды құрады. Елді мекендер аумағында тұрғын үй алаптарына ауысатын құрғақ шөп өрттері ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов хабарлады.

«20 маусымда Қарағанды облысында найзағай разрядының салдарынан дала алқабында өрт шықты. Дауылды екпінді желге байланысты өрт 45 гектардан астам жерді шарпыған, екі адам жарақат алды. 14 шілде — Атырау облысында дала өрті салдарынан жүздеген қой қырылып, нақты шығын мен өлген малдың саны анықталуда», — деді спикер.

Айта кетейік, орман және дала өрттерінің басым бөлігі 100 км-ден астам радиуста ТЖМ бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда болады.