ТЖМ құрамасы Өрт-құтқару спорты бойынша XVII Әлем Чемпионатына қатысуда

2022 жылғы 1 қазанда Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында ерлер арасында өрт-құтқару спортынан XVII Әлем Чемпионатының және өрт-құтқару спортынан әйелдер арасында VІII Әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Чемпионаттың ашылу рәсіміне министр Юрий Ильин бастаған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің делегациясы қатысты.


Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия Республикасы, Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасынан 11 ұлттық ерлер командаларының құрамасы және Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей Федерациясынан 4 ұлттық әйелдер командаларының құрамасы қатысады.
Біздің еліміздің намысын ерлер мен әйелдер командасындағы әлемдік деңгейдегі спортшылар қорғайтын болады.
Чемпионат аясында өртке қарсы авариялық-құтқару жабдықтарының халықаралық көрмесі, өртті сөндіру және алдын алу саласындағы нанотехнологиялардың көрсетілімі ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның мақсаты өрт сөндіруші және құтқарушы мамандығын дәріптеу, кәсіби және спорттық шеберлікті арттыру, достық байланыстарды нығайту, түрлі елдердің өрт сөндіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және халықаралық деңгейде өрт сөндіру-құтқару спортын одан әрі дамыту болып табылады.