Тозығы жеткен желіге жүз пайыз сенім жоқ

«Сенімге» жұрт сенім артты. «Сенім109.kz» парақшасында сейсенбі 4 қазан  күні жұрт Қарағанды қаласының жылумен қамтылуы туралы тікелей эфирдегі жүздесуді күтті. Қос аудан әкімі мен жылумен қамтушы мекеме «Теплотранзит»  ЖШС –нің басшысы бір желіден тікелей эфирге шығуы тиіс еді. Алайда сенім ақталмады, интернеттік  мүмкіндік тек жекелей шығуды қамтыды. Кешеуілдеп жеткен жылу тәріздес тікелей эфирдегі жүздесу де кеш басталды.

Қазанда қалтыраған қарағандылықтар желтоқсанда жаураймыз ба деп алаңдаулы. Оған себеп 30 қыркүйекте ресми түрде жылу беру басталсада Қарағандыны толық жылумен қамтуға қауқарсыз болып тұрған қызмет көрсетушінің бүгінгі әрекеті. Қала бойынша жылу желілерінің  ұзындығы  896  км-ді құрайды. Әрине осынша  құбыр бойын бірден  жылумен қамту мүмкін емес  екені  түсінікті. Дегенмен арада бірнеше тәулік өтседе пәтерінде отырып жаурағандар көп. «Теплотранзит Қарағанды » ЖШС-нің  техникалық директоры Сергей  Викторовтың  айтуынша  жылумен қамту жұмысын тұрақты режимге  келтіру үшін кем  кедегенде 10-15 күн уақыт қажет. Ал нормативті температуралық режимге сай жылу алмаған тұтынушылар үшін қызмет ақысында жеңілдіктер ескеріледі. Тікелей эфир барысында тұтынушы сенімі неге толық ақталмады деген сауалға жылумен қамтушы мекеме өкілі өзіндік салыстырма келтірді. Онысы 90- жылдармен салыстырғанда қазіргі жағдай тәубә  етерлік дегендей болды. « Жылумен қамту бір тетікті баса салып, бәрін қосар электр қуаты емес. Біле білсеңіздер 90 -жылдары  жылу беру жұмысы айларға ұласып, желтоқсанға дейін жыр болған.»,- деп салыстырды. Бұл салыстырудың астарында айтары бар сынды. Бүгінде тәуелсіз аудиттың соңғы тексеру қорытындысы бойынша облыс орталығындағы жылу желілерінің 71,2 пайызға жуығы тозып тұр. Өткен ғасырдың 70-90 жылдар аралығында тартылған жылу желілерінің бүтінінен тесігі көп. Ескірген құбырмен елге жылу берген мекемеге де өкпе жоқ. Себебі қашандағыдай оған қаржы қол байлау. Жылда жылу маусымы аяқтала сала келер жылғы жылу маусымын көктемде бастап кетер қызмет көрсетуші барды  жамап, үзілгенді жалғап әрекет қылады. Бірақ Қарағандыда қыс шусыз өтпейді. Бір маусымда  бірнеше рет ірі авариялық жағдайдың орын алуы үйреншікті жайтқа айналған. Ала жаздай ыстық сусыз отырып, қыс бойы жылуға алаң болар қарағандылықтар үшін қызмет ақысының артуы да миға сыйғысыз тосын сый деуге болады. Жаз бойы орталықтанған ыстық су болмағандықтан тұтынушы тоқ қуатын  лимиттен артық тұтынуға мәжбүр. Қала тұрғындары ыстық суды балама әдістер арқылы алып,  үлкен шығындарға батып отыр. Орталықтанған ыстық су жағдайын оңалту үшін де  Қарағанды бюджетінде жоқ миллиардтаған қаржы қажет.

Жалпы бүгінгі таңда Қарағанды бойынша 2458 көп қабатты тұрғын үй болса, соның 2436-сына  жылу жеткізілген. Жылу желілерінде орын алған ақауға байланысты 22 үй орталықтанған жылу көзіне әліде қосылған жоқ. Жылумен қамтамасыз етуші серіктестік апта соңына дейін бұл үйлерге жылу беріледі деп сендірді. Жылу ақысын есептеу жедел-диспетчерлік қызметтің деректеріне сәйкес, есептегіш құралдар орнатылған үйлерде  сол құрылғылардың көрсеткіші бойынша жүргізіледі. Дегенмен есептегіш құрылығыс бар үйлердің де жағдайы оңып тұрғаны шамалы. Осындай бірқатар үй тұрғындары  нақ осы құрылғының істен шығуы салдарынан жаурап отыр. Жылыту маусымы басталғаннан бері еесептегіш құрылғылардан  тоқтаусыз су кетіп жатқанын айтып, бірқатар тұрғын  шағымданған. Осы бір келеңсіздікке байланысты ол үйлерге жылу беру  мүмкін болмай отыр. Мұндай оқиға Затаевич көшесіндегі бірнеше үйде орын алған. «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС-нің  бас инженері Иван Выткин жағдайды былай деп түсіндірді:

«Сыртқы температураның күрт төмендеуіне байланысты құрылғылардың ақаулануы орын алды. Бүгінгі таңда мұндай құрылғылардың 38 данасы анықталды. Аталған мәселе туындаған жағдайда тұтынушылар біздің диспетчерлік кеңсеге немесе жылу энергиясымен айналысатын бөлімге жүгінулері  қажет. Осыдан кейін өтінім қабылданып, мамандар сол жерге шығады. Өтінімдердің көп болуына байланысты, қысқа мерзімде жағдайды оңалту мүмкін болмай отыр. Жақын арада мәселе толық  шешілетін болады».

Бұл жылумен қамтушы тарапынан берілген мәлімет. Бұдан бөлек  әкімдіктер де жылу маусымын толық бастау үшін өзіндік әрекет қылуда. Өз кезегінде ПИК, кураторлар, әкімдіктің жауапты бөлімдері бірлесіп проблемалы нысандарды назарға алған. Көп жағдайда қайсібір тұрғын үйлердің орталық жылуды қабылдауға қатысты қам қылмағаны да анықталып жатыр. Шырылдауық шегірткенің  күйін кешіп, жаз бойы жағдай жасамай, қазанда қалтырап, кінәні кімнен іздерін білмей жатқан тұтынушылар да бар. Қалай болғанда да  жылу берер  желісінің 70 пайыздан артығы  тозып тұрған Қарағандыда  қыстан қысылмай шығу мүмкін болмас. Билік пен қызмет көрсетушініңде   барды ұқсатып, амалдаудан басқа амалы жоқ сыңайлы.

Әсел Құсайынқызы