Тоғызқұмалақтан облыстық турнир

Мәслихаттың 30 жылдығына орай және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау мақсатында Қарағандыда тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» облыстық турнирі өтті. Оған 20-дан астам депутат пен БАҚ өкілдері қатысты.

Қарағанды мәслихатының депутаты Марат Түсіпов алғаш рет осындай турнирге қатысып отыр. Ол тоғызқұмалақты жақында ғана игерген.

– Турнир бесінші көшпенділер ойынын қолдау ретінде және бүкіл мәслихаттардың отыз жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жыл басынан бері түрлі спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Жарысқа аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Бұрын бұл ойынды өзім ойнаған емеспін, бүгін алғаш рет ойнайын деп тұрмын, осы турнирге арнайы дайындалдым, – деп бөлісті Марат Түсіпов.

Тоғызқұмалақтан депутаттар арасында турнир жеңімпаздары:

— ерлер арасында: Нұра аудандық мәслихатының депутаты Есенжол Егембаев,

— әйелдер арасында: Сәуле Дүйсембаева, Қарағанды қаласы мәслихатының депутаты.

БАҚ өкілдері арасында:

— ерлер арасында: Бұқар жырау ауданының блогері Болат Дінмұхаммед,

— әйелдер арасында: «Бірінші Қарағанды» телеарнасының есепшісі Зарина Мұқашева.

– Ұлттық спорт — бұл ұлттық құндылық, өте маңызды шаралардың бірі, ұлттық спортқа құрмет -бұл ұлтқа құрмет. Жалпы халық қалаулыранының ұлттық спортқа көңіл бөлуі, қолдау білдіруі, сонымен қатар өздерінің сонымен айналысуы бұл жақсы нәрсе, – деп атап өтті Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Темірхан Аблаев.

Турнирдің ашылуында тоғызқұмалақтан Әлем Кубогының жеңімпазы, Қарағанды өңірінің V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының болашақ қатысушысы Аңсаған Қожанәсіпке құрмет көрсетіліп, басқарма атынан алғыс хат табысталды.

Аңғасанның сөзінше, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу екі кезеңнен тұрған: алдымен ҚР чемпионаты өтіп, оның қорытындысы бойынша төрт қатысушы жеке іріктеуден өткен екен. Төрт спортшының ішінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қарағанды және Ақтөбе облыстарының өкілдері Аңсаған Қожанәсіп пен Мөлдір Серікқызы іріктелді.

– Ойындардың өзі 7–12 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Мен екі спорт түрінен қатысамын. Бұл тоғызқұмалақ және Батыс Африканың овари ойыны. Тоғызқұмалақпен 14 жылдан бері айналысып келемін, бұл ойынға деген сүйіспеншілігімді ағам оятты. Ол да мен сияқты халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Овариде әуесқой спортшымын, алғаш рет 2017 жылы Чехияның Прага қаласында ойнағам. Шетелге шыққан кезде ойнап тұрамын. Бұл да зияткерлік ойын, бірақ тақта мен ережелер тоғызқұмалақтан өзгеше. Қазір қарқынды дайындалып жатырмыз, жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз, – дейді Аңсаған Қожанәсіп.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»