Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты

Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 134 ойыншы қатысып, төрт күн бойы мықтылар анықталды.

Байрақты бәсекеде 73 ер және 61 әйел спортшы бақ сынады. Жарысқа қатысушылардың жас ерекшелігі әртүрлі болғанымен, олардың барлығы өз аймақтарында үздік атанған тәжірибелі ойыншылар саналды. Ең жас қатысушылардың жасы небәрі 14-те болса да, олар бұған дейін-ақ облыстық додаларда жоғары нәтиже көрсеткен.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Айнұр Жақапбаева жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

– Бірінші және екінші орын алған спортшылар ұлттық құрамаға іріктеліп, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Ал үшінші орын иегерлері шілде айында Чехияда өтетін Әлем кубогында бақ сынайды. Биылғы чемпионатта күрес өте тартысты әрі қызықты өтті. Қатысушылардың шеберлігі айрықша байқалды, – деді бапкер.

Тоғызқұмалақ – логикалық ойлау мен математикалық қабілетті дамытатын ұлттық мұра. Бұл жарыс жас спортшыларға үлкен тәжірибе беріп қана қоймай, олардың халықаралық аренаға шығуына жол ашты.

Ералы ҒАНИ,

«QH»