Тіл үйренушілерге арналған жаңа оқу құралы
Қарағандыда мемлекеттік тілді оқыту бойынша жаңа әдістемелік оқу құралы әзірленді. Оқулықтың таныстырылымы қаламыздың «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында өтті. Оқулық мемлекеттік тілде сөздерді есте сақтауды жеңілдетеді және оңтайлы қарым-қатынасқа жол ашады.
«Как сказать на казахском языке…» оқулығының авторы – «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Әсия Смықова.
– Біздің алдымызда қызмет көрсету саласының өкілдерін мүмкіндігінше тезірек оқыту міндеті тұрды. Бізге қарапайым және тиімді ақпарат беретін, шағын диалог жүргізуге көмектесетін оқулық қажет болды. Әдістемелік оқу құралымыз ыңғайлы болды деп ойлаймыз. Бұл қазіргі адамдардың психологиясына сәйкес келеді және бүгінгі маркетингтік талаптарға жауап береді. Оқулыққа қосымша ретінде сөздік QR коды бар салпыншақ ретінде қоса беріледі. Бұл оқулықты қала тұрғындарына тегін таратамыз. Бізді Қарағанды әкімдігі қолдады, – деді Әсия Смыкова.
Әдістемелік оқу құралы базалық деңгейде. Оның көмегімен қазақ тілін үйренуші сөйлеу дағдыларын жетілдіреді және кедергісіз сөйлеуді үйренеді.
– Біздің тіл саясатын жүргізуге бағытталған көптеген шаралардың ішінде әсіресе осындай оқулықтардың дүниеге келуі бұл ең үлкен жетістік деп айтуға болады. Қалалық бөлімнің жанынан құрылған «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы көптеген қалалықтармен жұмыс жасауда, осы жұмыстар жалғасын тапсын. Биылғы жыл табысты болып жатыр, жазда балаларға арналған туындымыз жарық көрді, бүгін міне оқулықтың тұсаукесері өтіп жатыр. Бұл нұсқаулықтың авторы өзі сабақ береді және оқушыларға осы немесе басқа материалды қалай оңай және жақсы жеткізу керектігін біледі. Осындай оқулықтарды жасау жұмыстары жалғасады, – деп атап өтті Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Әбеуова.
Айта кетейік, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында қазақ, ағылшын және түрік тілдері бойынша тегін курстар бар. Оқулар жылына үш тоқсан өткізіледі.
Жылына бізде 600 адам білім алады. Мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы кабинетіміз де бар. Қызығушылық өте көп, өзге ұлт арасында тіптен көп. Сабақтар онлайн және офлайн форматта да өтеді, – деп атап өтті орталық директоры Әсия Смыкова.
«Шырақ» тілдерді оқыту орталығы Мұстафин көшесі, 6/4 мекенжайы бойынша орналасқан, жаңа әдістемені осы жерден тегін алуға болады.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»