Тіл-адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс

Қарағанды қаласының полиция басқармасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» тіл саясатын іске асыру аясында бірқатар іс-шаралар жүргізеді. Соның бірі – ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшірудің нақты негізін жасау.


Іс қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі — оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспей, стильдік жағынан қалыптаспай, мемлекеттік ресми құжаттардың барлығы алдымен қазақ тілінде жүргізілмей қазақ тілінің қолданыс аясы, қызмет барысында өрісін кеңейте алмайды.
Іс қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Іс қағаздарының саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор.
Іс қағаздарын қазақша жүргізуді қалыптастыру үлкен де жауапты іс. Бұл қалыптасып, бір ізге түскенше іс қаағаздарының түрлі нұсқалары, түрлі сөз қолданыстары белең алуы мүмкін. Оны жүйеге түсіру үшін де біраз уақыт керек болады. Мемлекеттік тілде іс жүргізудің мақсаты іс қағаздарын жазудағы, оның стандарт нұсқаларын қалыптастырудағы өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып, ана тілінің өз заңдылықтарын сақтап, өз мүмкіншілігін сарқа пайдалана отырып ұлттық іс қағаздарын қалыптастыру.
Тіл-адам баласының ғана емес, ұлттың, халықтың, қоғамның болмысын көрсететін құбылыс.Адамзаттық құндылықтар қатарында тіл ғылымнан да, мәдениет пен өнерден де бұрын аталады. Ғылым да, мәдениет те, өнер де, материалдық игіліктер де, саясат та тілдің қатысумен жасалады.
Жоғарыда аталған Бағдарлама аясында Қарағанды қаласының полиция басқармасында «Мемлекеттік тілді оқытып үйрету курсы» ұйымдастырылып, өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге мүмкіндік жасалған. Жетістіктің шегі жоқ демекші, ендігі көздеген мақсатымыз қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту. Ел болып тіліміздің мәртебесі үшін күресейік!

Қарағанды қаласының
Полиция басқармасы
Гүлназия Құралбек