TeriAI – медицинадағы отандық цифрлық шешім
Жасанды интеллект бүгінде өмірдің түрлі саласына кеңінен еніп келеді. Денсаулық сақтау жүйесі де бұл өзгерістен шет қалған жоқ. Қарағандылық мамандар әзірлеген TeriAI жобасы – тері ауруларын ерте кезеңде анықтауға көмектесетін отандық цифрлық шешімдердің бірі. Жүйе дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, дерматоскопиялық кескіндерді талдау барысында қауіпті белгілерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі – жасанды интеллект дәрігердің орнын алмастырмайды. Ол тек маманның кәсіби шешім қабылдауына көмектесетін қосымша құрал ретінде жұмыс істейді. TeriAI жүйесін қарағандылық Тимур Бекеев, Дмитрий Гнейдин және Павел Ильин бірлесіп әзірлеген. Жобаның дүниеге келуіне дәрігерлердің күнделікті тәжірибесінде кездесетін нақты мәселе себеп болған.
– Дерматоскопиялық кескінді оқу – жай ғана суретке қарау емес. Ондағы әрбір түс, сызық пен құрылым белгілі бір мағына беруі мүмкін. Дәрігерлер тәжірибеде арнайы атластарға сүйеніп немесе қосымша оқыту курстарына қатысып жатады. Сондықтан біз кескінді бастапқы саралау жұмысын жасанды интеллектіге жүктеп, маманға ең маңызды белгілерді көрсетуге болатын шығар деген ойға келдік, — дейді жоба авторы Тимур Бекеев.
Осы идея негізінде Тимур Бекеев бұрынғы курстастары Дмитрий Гнейдин мен Павел Ильинді жобаға тартқан. Нарықты зерттеу барысында олар Қазақстанда мұндай цифрлық өнімдердің жоқ екенін, ал шетелдік аналогтардың бағасы көптеген клиникалар үшін қолжетімсіз екенін анықтаған.
Жоба авторларының сөзінше, TeriAI ешқашан дәрігердің орнын басуға арналған жүйе ретінде қарастырылмаған.
– Әуел бастан-ақ біздің мақсатымыз дәрігердің орнын басатын бағдарлама жасау болған жоқ. Медициналық шешімді әрдайым маман қабылдауы керек. Біз дәрігерге күмәнді белгілерді дер кезінде байқап, науқасты әрі қарай тексеру қаншалықты қажеттігін бағалауға көмектесетін сенімді құрал жасауды көздедік, — деді Тимур Бекеев.
Жүйені пайдалану да қарапайым. Смартфон камерасына арнайы дерматоскоп орнатылады. Дәрігер терідегі меңнің немесе басқа да өзгерістің суретін түсіріп, оны қосымшаға жүктейді. Одан кейін жасанды интеллект кескіннің құрылымын, шекарасын, түс ерекшеліктерін және басқа да белгілерін талдап, назар аударуды қажет ететін өзгерістерді көрсетеді.
Бағдарлама алынған нәтижеге қарай науқасты бақылауды жалғастыруды, қосымша тексеру жүргізуді немесе бейінді маманға жолдауды ұсынуы мүмкін. Дегенмен, жүйе берген қорытынды түпкілікті диагноз болып саналмайды. Соңғы шешімді дәрігер қабылдайды.
TeriAI – дайын шетелдік өнімнің көшірмесі емес. Бағдарламаны қарағандылық команда толықтай өз күшімен әзірлеп жатыр. Жобаға медицина, ақпараттық технология, маркетинг және кәсіпкерлік саласының мамандары жұмылдырылған. Команда құрамында елордалық бағдарламашы мен Қарағандыдағы жоғары оқу орнында білім алып жүрген екі студент те бар.
Жобаны жүзеге асыру үшін әзірлеушілер өз қаражаты есебінен 10 миллион теңгеден астам инвестиция салған. Бұл қаражат бағдарламаны әзірлеуге, техникалық инфрақұрылымды дамытуға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және дерматоскоптарды медициналық техника ретінде тіркеуге бағытталған.
– Медициналық өнімді әзірлеу қарапайым мобильді қосымша жасаумен шектелмейді. Оның техникалық тұрақтылығы, ақпараттық қауіпсіздігі және медициналық талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілуі керек. Салынған қаржының едәуір бөлігі осы міндеттерді шешуге жұмсалды, — деді жоба авторы Павел Ильин.
Жоба авторлары TeriAI жүйесін әзірлегеннен кейін Terricon Valley акселерациялық бағдарламасына қатысып, өнімді нарыққа шығару тетіктерін жетілдірген. Қазіргі уақытта цифрлық сервис Қарағанды мен Астанадағы үш клиникада сынақтан өтіп жатыр. Кейбір медициналық ұйымдар жүйені коммерциялық негізде пайдалануды бастап кеткен.
Қызмет жазылым жүйесі арқылы ұсынылады. Ай сайынғы жазылым құны – 5 мың теңге. Бұл пакетке он медициналық қорытынды кіреді. Ал қосымша зерттеулер үшін әр талдау бойынша 500 теңге төленеді. Мұндай тәсіл шағын клиникаларға қымбат бағдарламалық кешен сатып алмай-ақ, заманауи технологияны пайдалануға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта команда жүйенің тиімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта медициналық университетпен бірлескен зерттеу жүргізілмек. Егер зерттеу нәтижелері TeriAI жүйесінің тиімділігін растаса, болашақта оны мемлекеттік медициналық ұйымдардың тәжірибесіне енгізу мәселесі қарастырылмақ.
Бүгінде жасанды интеллект көптеген саланың дамуына серпін беріп отыр. Ал медицинада мұндай технологиялардың басты мақсаты – дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, диагноз қою сапасын арттыру. TeriAI жобасы да осы бағыттағы отандық әзірлемелердің бірі ретінде денсаулық сақтау саласының цифрлық дамуына үлес қосуды көздейді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

