Тегін үйірмелерге 1 400 орын беріледі

Қарағанды облысында балаларды қосымша біліммен қамту көлемі ұлғайды. Өңірде үйірмелер мен секцияларға тағы 1 397 тегін орын бөлінген.

Балалар компьютерлік сауат, 3D-модельдеу және робототехника бойынша сабақтарға қатыса алады, өздерін экобиологтер мен туристер рөлінде сынап көре алады, не болмаса сәндік-қолданбалы өнерде шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыра алады.

Облыстағы білім беру саласы бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру жұмыстары жыл басынан бері жүргізіліп келеді. Қаңтар айында тегін үйірмелер және секциялармен 963 бала қамтылды. Тамыз айында үлкен сұранысқа байланысты қаржыландыру жалғасын тапты.

Қарағанды қаласында мына ұйымдарда қосымша тегін орын бөлінді:

– «ITSTEP ACADEMY KRG» ЖШС жанындағы «Шағын компьютерлік академия» үйірмесінде – 258 орын;

– «Logic-soft» ЖШС-нда робототехникамен және 3D-модельдеумен айналысу үшін – 275 орын;

– «Sanasoft co.» ЖШС-нда (Қарағанды қ.) компьютерлік сауаттылық негіздерін үйрену үшін – 217 орын.

Баланы аталған үйірмелер мен секцияларға тегін жазу үшін е-daryn.kz ақпараттық жүйе арқылы немесе ұйымның өзіне тікелей өтінім беру қажет.