Teach for Qazaqstan бағдарламасы
Қарағандыда жүзеге асырылып жатқан Teach for Qazaqstan бағдарламасының екінші легі екі жылдық жұмысын қорытындылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар өңір мектептерінде сабақ беріп қана қоймай, білім беру сапасын арттыруға бағытталған түрлі жобаны іске асырып, оқушылардың жан-жақты дамуына үлес қосты.
Қазақстанда бұл бағдарлама алғаш рет Қарағанды облысында қолға алынған болатын. Үш жыл ішінде жоба аясында 4 мыңнан астам оқушы қамтылып, білім беру жүйесін дамытуға бағытталған ондаған әлеуметтік және ағартушылық бастама жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта бағдарлама Абай, Шахтинск және Балқаш қалаларындағы, сондай-ақ Новодолинский мен Ғабиден Мұстафин кенттеріндегі және Новоузенка ауылындағы сегіз мектепте жалғасып келеді. Бұл білім беру ұйымдарында 50 қатысушы еңбек етіп, оқушылардың білім деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізуде. Бағдарлама қатысушылары дәстүрлі пәндерді оқытумен қатар, STEM бағытын дамытуға, кәсіби бағдар беру жұмыстарына, көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыруға, қауіпсіз мектеп ортасын құруға және оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын жетілдіруге арналған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Сонымен бірге бағдарлама мектептердің педагогикалық әлеуетін нығайтуға да көңіл бөліп отыр. Осы бағытта мұғалімдердің кәсіби қауымдастығын дамыту, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру және білім беру ұйымдары басшыларының көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Жоба ұйымдастырушыларының мәліметінше, биыл жаз мезгілінде бағдарламаның жаңа легіне қабылданған қатысушыларды даярлау басталды. Арнайы оқу курсынан өткен мамандар жаңа оқу жылының басынан бастап өңір мектептерінде қызметке кірісіп, өңірдегі білім беру саласын дамытуға өз үлестерін қоспақ.
Осылайша, Teach for Qazaqstan бағдарламасы өңірдегі мектептердің кадрлық әлеуетін күшейтіп, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасауды жалғастырып келеді. Бағдарлама аясында қолға алынған бастамалар білім беру үдерісін жетілдіруге және мұғалімдердің кәсіби дамуына оң әсерін тигізуде.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

