Тазы мен төбет заңмен қорғалмақ

Бауырлас түрікмен жұрты алабай тұқымды иттерін ұлттық мақтанышқа айналдырып, әлемге таныта білді. Ал біз ше? Аңызда аштық пен жұт жылдарында тұтас ауылды аман алып қалған делінетін құмай тазы мен шаңырақтың құты саналатын төбетті таныта алдық па? Қайдам… Егер таныта алған болсақ, оларды қорғау мәселесі күн тәртібіне қойылмас еді ғой. Иә, журналистер мен итбегілердің «тазыдан айырылып қалмайық» деп шырылдап жүргендеріне де ең берісі 10-15 жылдың жүзі болыпты. Түйіні тарқамастай болып көрінген түйткілді мәселе өткен жылы Парламент қабырғасында талқыланған-ды. Ал жаңа жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту туралы» Заңға қол қойды.

Итбегілердің дабыл көтеріп шырылдайтын жөні бар. Тәуелсіз ел атанғанымызға отыз жылдан асып кетсе де, күні бүгінге дейін қазақы ит тұқымдарының нақты саны есептеліп, статистикасы шығарылмаған көрінеді. Генетикалық сараптаудың болмауы және итбегілерге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілмеуі тазы мен төбеттің жойылу қаупін төндірді. Былайғы уақытта «ит – жеті қазынаның бірі» десек те, осы күнге дейін биік мінберде жүргендер арасында бұл мәселені ойлаған жан болмаған тәрізді. Тек соңғы уақытта ғана бұл мәселеге Президенттің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев білек сыбанып кірісті. Итбегілерді, экологтерді және бірнеше министрліктің өкілдерін жұмылдыра отырып заң жобасын әзірлетуге септігін тигізген. Өткен жылдың соңында бұл заң әуелі Мәжілісте, кейін Сенатта қаралған еді. Дәл сол кезде әлеуметтік желіде үлкен дау болды. Әңгіме төркіні ақшаға тірелген еді өйткені. Заң жобасы талқыланып жатқанда, қазақы тазы мен төбетті қорғау және көбейту үшін қазынадан 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетіні айтылған. Кей белсендінің бұлқан-тұлқан болып дау шығарып жүргені де осыдан.

Әрине, ә дегенде қаражат көлемі тым ауқымды көрінуі мүмкін. Әйтсе де бұл қаражат – 1 жылға емес, 3 жылға арналған бюджет. Оны игеру барысында елдегі тазы мен төбет санағы жүргізіледі. Арнайы панажайы мен генетикалық зертханасы бар арнайы орталық ашылады. Осы жерде қаны таза, нағыз қазақы ит түрлері өсіріліп, халықаралық көрмелерге шығарылмақ. Әрі иттерді қазақы тұқым ретінде Халықаралық кинологиялық орталыққа тіркеу, жарыстар мен көрмелер ұйымдастыру керек. Ал бұл керектің бәрін жүзеге асыру үшін қомақты ақша керек. Осы уақытқа дейін жекелеген адамдар төбет пен тазыны сақтау бағытында жұмыс істеп келді. Десек те анау айтқандай жетістікке жетпеді. Өйткені қаражаттың аздығы қолбайлау болған. Бұл жолы бәрі басқаша. Үкімет жоспарланған жұмысты жүзеге асыруға толықтай жететін қаражат бөліп отыр. Ендігі міндет – осы жұмысты абыроймен атқарып шығу.

Арнайы құрылатын орталық туралы Сенат отырысында заң жобасын таныстырған мәжілісмен Елдос Абақов:

– Орталықтың негізгі құзыретіне бірыңғай асыл тұқымды қазақы тазы мен төбеттің кітабын жүргізу, аталған тұқымдардың стандарттарын әзірлеу және басқа да міндеттер кіреді. Сонымен қатар заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақы тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақы ит тұқымдары мен ұлттық аңшылық ұғымын айқындайды, – деген болатын.

Сонымен, «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және көбейту туралы» Заң аясында төбет пен тазыны сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары бекітіледі:

– қазақы ит тұқымдарының сақталуын қамтамасыз ету;

– қазақы ит тұқымдарының тазалығын сақтау.

Қазақы ит тұқымдарын сақтау мен өсімін молайтуды қамтамасыз ету жүйесіне төмендегілер кіреді:

– аумақтық бөлімшелері бар оның ведомствосын қоса алғанда уәкілетті орган;

– қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;

– қазақы ит тұқымдарының ұлттық орталығы;

– қазақы ит тұқымдарын өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ,

«QH»