«Таза болса табиғат – аман болар адамзат»
Қарағандыда экология тақырыбындағы балалар суреті байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыстық экология департаментінің ұйымдастыруымен Қарағанды облысының балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында дәстүрлі «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» сурет салу байқауы өткен болатын.
Экология күніне орай өткізілген байқау қоршаған ортаны сақтау, балалардың экологиялық мәдениетін арттыру, әлеуметтік және экологиялық жауапты азамат тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған.
«Таза болса табиғат – аман болар адамзат» балалар суреті байқауына 7 мен 18 жас аралығындағы 83 бала қатысып, 86 жұмыс келіп түскен.
Шығармалар постер жанрында жасалған, яғни бұл – жай ғана сурет емес, жарқын, тартымды, алыстан оңай қабылданатын және қысқа мәтінмен сүйемелденетін бейне.
– Бесінші маусым Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай біздің департамент балалар арасында сурет байқауын өткізген болатын. Бұл – жас ұрпақты табиғатты қорғауға, аялауға, сонымен қатар балалар шығармашылығын арттыру мақсатында өткізілетін байқау. Жыл сайын байқаудың ауқымы өсіп келеді. Байқауға 90-ға жуық жұмыс ұсынылды. Әрине, әр баланың жұмысы жүлделі болуға лайық, дегенмен комиссия мүшелері байқау жеңімпаздарын анықтады. Сондай-ақ біз мектептерге барамыз, түрлі кездесу өткіземіз, балаларды көгалдандыруға шақырып үйретеміз, – дейді Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов.
Конкурстық комиссия жеңімпаздарды ашық дауыс беру нәтижесі арқылы анықтады.
5 пен 7 жас аралығындағы қатысушылар арасында 1-орынды Қарағанды облысының Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, 7 жастағы Владимир Загребель иеленді.
8 жастан 10 жасқа дейінгі санатта Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның 2-сынып оқушысы, 9 жастағы Василиса Аблаева жеңіске жетті.
11-14 жас аралығында Осакаровка ауданындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, 12 жастағы Матвей Агафонов үздік атанды.
Байқауға қатысқан 11 жастағы Тимофей Ивашенко мұндай байқауларға қатысу арқылы ынталана түсетінін айтады:
– Менің суретім «Экология – біздің болашағымыз» деп аталады. Қарындашпен салдым. 3-орын алғаныма өте қуаныштымын. Мұндай байқауға бірінші рет қатысып отырмын, еңбегім бағаланғанына қуаныштымын. Осындай байқаулар мені сурет салуға ынталандырады, сенімімді күшейтеді.
15 жастан 18 жасқа дейінгі жас санатында Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының (Теміртау қаласы) тәрбиеленушісі, 15 жастағы Милана Ынтықбаева жеңіске жетті.
– Мен гуашьпен бөтелкенің суретін салдым, оның ішінде киттер мен балықтар бар және бәрі қоқысқа көмілген. Бұл арқылы қоршаған ортаны ластамау, экожүйені қорғау керегін айтқым келді. 6 жасымнан бастап сурет саламын. Мұндай байқауға бірінші рет қатыстым, – деп бөлісті Милана.
Жеңімпаздар диплом, қаржылай сертификат және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орын алмағандарға көркемдік шеберлігі (жұмыстың техникасы мен сапасы, шығармашылық деңгейінің автордың жасына сәйкестігі) және қызықты түсті экологиялық шешімі үшін қолдау сыйлықтары табысталды.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»