Тасқынға тастүйін дайындық

Қарағанды облысы бойынша 158 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Су тасқыны қаупі бар нысандар Шет, Осакаров, Бұқар жырау және Абай аудандарында орналасқан. Көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері осыған дейін облыстық әкімдіктің алқалы жиынында пысықталды. Ал кешегі күні Төтенше жағдайлар департаменті арнайы брифинг өткізіп, аймақтағы ахуалды баяндады.

Халық қызыл судан қиянат көрмеуі үшін сақадай сай даярлық қажет. Бір көңіл жұбатарлығы — биылғы жыл су тасқыны ағынының алдын ала күтілетін көлемі өткен жылғы көрсеткіш нормаларынан төмен. Қарағанды облысы бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, ауа райы қолайлы, судың төмен деңгейі байқалады. Қар жамылғысына ғарыштық мониторинг және өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізу қызметтерін ұсынуға шарттар жасалды. Бақылау деректері бойынша, облыс аумағының 90%-ы бүгінде қармен жабылған. Қазгидромет деректері бойынша, Нұра, Шерубай- Нұра, Сарысу, Кеңгір, Тоқырау өзендерінің бассейніндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 25–45 %-ға төмен. Дегенмен «апат қайдан» демекші, тосыннан болар табиғи құбылысқа қажетінше қам жасалуда. Қала, аудан әкімдеріне төтенше жағдай туындаған кезде қалайша әрекет ету керектігі, жалпы жоспарлы іс-қимылдар туралы ақпарат берілді. Бүгінде бөгеттер мен су тоғандарын даярлау ісіне ден қойылған. Автомобиль және теміржолдардың тасқын қаупі бар 116 учаскесі бақылауда. 1 209 су өткізу құбыры мен 136 көпір тазартылды, оның ішінде:

  • республикалық маңызы бар автожолдарда 450 (32,5 %) су өткізу құбыры, барлығы — 1 382, көпірлер тазартылмаған (30 көпір);
  • облыстық маңызы бар автожолдарда 430 (20,1%) су өткізу құбыры, барлығы — 2 139, 9 (10,1%) көпір, барлығы — 89;
  • жергілікті маңызы бар автожолдарда 162 (12,4%) су өткізу құбыры, барлығы — 1 300, 6 (16,6%) көпір, барлығы — 36;
  • теміржолдарда 167 (28 %) су өткізу құбыры, барлығы — 602, 121 (36 %) көпір, барлығы — 362.

Сондай-ақ ұзындығы 8,9 км 7 канал және ұзындығы 7,1 км 6 арық тазартылды. Көктемгі сел салдарын жою үшін 8 000-нан астам адам, 2 400-ден астам техникасы бар 383 құралым азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің авариялық- құтқару қызметтері мен құралымдарының күштері мен құралдарын іске қосу жоспарлануда:

  • жергілікті атқарушы органдардан азаматтық қорғаудың 312 құралымы іске қосылды, олардың саны — 6 648 адам, 2 112 техника;
  • Қарағанды облысы ТЖ департаментінен (ӨСжАҚЖҚ ММ) 450 адам, 120 техникасы бар 42 азаматтық қорғау құралымы іске қосылды;
  • ҚР ТЖМ № 52859 әскери бөлімінен азаматтық қорғаудың 1 құралымы жұмылдырылды, адам саны — 90, техника — 17;
  • қоғамдық тәртіпті қорғау қызметінен 975 адам, 152 техникасы бар 26 құралым;
  • ҚР «Орталық» Ұлттық гвардиясынан 120 адам, 5516 ә/б 4 техникасы бар 2 құралым (Теміртау).

Азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесі құралымдарының және авариялық- құтқару қызметтерінің дайындығы 3–4 наурызда «Көктем — 2022» РКШО өткізу барысында тексерілетін болады. Наурыз айының 15-іне дейін автомобиль және теміржолдардағы су шаруашылығы құрылыстарының, су өткізу құбырларының жай-күйін тексеру жұмыстарын тәмамдау міндеттелді.

21–25 ақпан аралығында Нұра және Шерубай- Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында қар өлшеу маршруттары бойынша екінші айналма жол өткізілді. Қар өлшеу маршруттарын айналып өту қорытындысы бойынша болжамды деректер 3 наурызда түзетілетін болады. Өзен бассейндеріндегі топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштерден төмен: Нұра өзені — 112 см, Шерубай- Нұра — 87 см, Сарысу — 32 см, Тоқырау өзені — 70 см. Облыс өзендеріндегі мұздың қалыңдығы орта есеппен 10–27 см, максималды деңгейі 40 см-ге дейін.

Су тасқынына қарсы жұмыстар облыс әкімі бекіткен халықты, аумақты және шаруашылық жүргізуші субъектілерді тасқын сулардан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына орай 44 пунктте жүргізіледі. Халық арасында 7 мыңнан астам адамды қамтыған 96 жиын өткізілді. Халықты су басуы мүмкін аудандардан эвакуациялау жағдайында өңірлерде эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 253 пункт дайындалды, эвакуациялау бағыттары жаңартылды. Қалалар мен аудандарда материалдық- техникалық және қаржылық құралдардың қажетті қоры бар.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»