Талдыдан табылған жәдігер

Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркі аумағынан аса құнды жәдігер табылды. Археологтар қазба жұмыстары кезінде бастапқы бейнесін жоғалтпай, жақсы сақталған үш аяқты қазан мен күнделікті тұрмыстық бұйымдарды, жебе ұштары мен ат әбзелдерін қазып алған. Баға жетпес құнды жәдігерлер өткен тарихымыздан сыр шертіп, өте ерте дәуірде бұл өлкедегі мәдениеттің қаншалықты жоғары деңгейде болғанын аңғартады.

Айта кету керек, зерттеу жұмыстары Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археологиялық экспедициясы Сарыарқа археологиялық институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкиннің жетекшілігімен жүргізілген.

— Қазба жұмыстары кезінде шеңбер пішінді дүние көзге көрінді. Басында не екенін болжай алмадық. Сөйтіп, әрі қарай қаза бергенімізде құлағы көрінді. Сонда барып бұның қазан екенін бағамдадық. Сол қазанның ішінде беймәлім дүниелер шықты. Әбден ескіріп, тат басқан. Бөлек алып шығу үшін біраз уақытымыз кетті. Табылған дүниені зерттеп, қалыпқа келтіру жұмыстары үшін Қырым Алтынбеков ағамыз арнайы келді. Зерттеп, ішіндегілерді арнайы құрылғылармен алып шықты. Мұндай дүние бұған дейін бұл аймақтан табылмап еді, — дейді Игорь Алексеевич. Ғалымдардың айтуынша, Талдыдан табылған үш аяқты қазан біздің заманымызға дейінгі 1 мыңжылықтағы (2 500 жыл бұрын) Сақ мәдениетіне тиесілі. Оның диаметрі — 40 см, биіктігі — 30 см. Жәдігердің ішінде зооморфты және басқа да пішіндердегі темір және қола заттар болған. Сонымен қатар, ат әбзелдерінің бірнеше түрі табылыпты. Ол дүниелерді ерте кезеңде жүген жасау мақсатында пайдаланған екен. Яғни, жүген ұштарын жалғап, бекіткен, сондайақ, сәндік үшін де қолданған. Ал, өзге жәдігерлердің қандай мағына беретіні және не үшін пайдаланылғаны беймәлім.

Оны анықтау үшін Қарағанды қаласына әйгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков арнайы келіп, жаңа технологиялардың көмегімен зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, пышақ түрлерінің формасы түскен тас та табылған. «Пышақ жасау, жебе ұшын құю сол уақытта пайда болған. Қажетті қаруының формасын тасқа қашап, соған балқытылған темір құйып қару жасаған» дейді мамандар. Бұл, ең алдымен металлургияның бізде дамығандығын растайтын тағы бір дәлел.

— Қазандағы дүниелердің тек жартысы ғана белгілі. Қалғаны бір-біріне жабысып тұр. Оларды сындырмай, жеке-жеке алып шығуымыз қажет. Төбе жағында жалпақ бір нәрсе бар. Соны білмек мақсатта бірегей әдісті қолдана отырып рентгенге, компьютерлік томографияға түсірдік. Иә, жалпақ әрі жұқа темір болып көрінді. Сөйтіп, бұны біз жауға шапқанда аттың маңдайына тағатын темірі деп ойладық. Себебі, құмыра ішінен тек ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері ғана табылды. Табылған жәдігерлерді сақтап қалуымыз керек, — деді Игорь Алексеевич.

Жәдігер Сақ қорғанының жанынан табылыпты. Тарихшылар «бұл дүниелерді күнделікті тұрмыста қолданған» дейді. Тарихқа сүйенсек, сол замандарда қайтыс болған жандарды жерлегенде, марқұмның қолданып жүрген, жанына жақын дүниелерін жанына бірге көмген. Алайда, зерттеу жұмыстары толық біткен жоқ. Бұл — тек болжам ғана. Зерттеу толық аяқталған соң жәдігерлер облыстық тарихи өлкетану музейіне жеткізіледі.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

 «QH»