Талапкерлерге әкімдіктер қосымша гранттар бөлді

Қазақстанда әкімдіктер талапкерлерге 2,5 мыңға жуық грант бөлді. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

-2024-2025 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды. Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Биыл жергілікті атқарушы органдар 2475 білім беру гранттарын бөлді, -делінген ведомствоның хабарламасында.

Елорда әкімдігі 858 грант бөлген, бұл әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Бұл ретте Қостанай облысында небәрі үш грант бөлінген, ал Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері білім гранттарына өтініш бермеген. Қарағанды ​​облысының әкімдігі 113 грант бөліп отыр.

Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ төменде көрсетілген құжаттарды тапсырады:

-ЖОО-ға білімі туралы құжат;

-ҰБТ сертификатын;

-жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

-жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда).

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.