Тағылымы мол танымдық дәріс
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы оқушыларды Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері бойынша қызықты сабақтарға шақырады. Оқушыларға тұрмыста қолданылатын заттар жайлы баяндалады.
Мұражай қызметкерлері қазақ халқының көркем құндылығы туралы әңгімелейді.
– Біздің шағын көрме залымыздағы әрбір бұйымның өзіндік тарихы бар. Мысалы, сырмақ, тұскиіз, басқұр, асадал, торсық, ожау – мұның бәрі сүйіспеншілікпен және экологиялық таза материалдардан жасалған. Сонымен қатар балалар осы заттарды жасаған шеберлер туралы біледі. Бүгінде облысымыздың ауылдарында ата-бабаларының дәстүрін жалғастыратын талантты жас қолөнерші көп, – дейді мұражайдың Ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елубаева.
Көрмеде бесік, сондай-ақ ат әбзелдерін, ер-тоқымдар мен қамшыларды көруге болады.
– Сабақтар кез келген жастағы оқушылар үшін қызықты әрі маңызды болады. Әсіресе қалада тұратын және оқитын балалар үшін. Ата-бабаларынан қалған зергерлік бұйымдармен олар осында таныспаса, басқа қайдан таныса алады, – дейді Мейрамгүл Елубаева.
Сабақтарда мұражай қорларынан алынған экспонаттар пайдаланылады.
Тақырыптық сабақтар алдын ала жазылу бойынша өткізіледі.
Байланыс телефондары: (8-7212) 47-91-85, 475-475.
Арман АБИЛҚАСЫМОВ
«QH»