Қ. Түспекова: басты мәселе – ерекше балаларға арналған шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы білім беру бағдарламаларының болмауы

Мүгедектігі бар талантты жастарды дамыту және ілгерілету үшін Ұлттық Дельфий комитеті #EREKSHEteatr – арнайы актерлер театры жобасын құрды. Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, #EREKSHEteatr авторы және продюсері Құралай Түспекова ОКҚ алаңында «Мүмкіндігі шектеулі жастардың шығармашылық жетістіктерін насихаттау және елімізде меценаттық және қайырымдылық институтын дамыту» тақырыбында өткен брифинг барысында шығармашылық қабілеттері бар ерекше балалардың қандай қиындықтарға тап болатыны туралы айтып берді.


Оның сөзінше, ерекше балалар өздерінің болашақ кәсібін, шығармашылық пен өнерді таңдай алуы үшін әр өңірде осындай алаңдарды, театрларды дамыту комитеттің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Дегенмен, проблемалар бар, олардың бірі – шығармашылық мамандықтар бойынша арнайы білім беру бағдарламаларының болмауы.

«Коррекциялық мектептерді бітіргеннен кейін балаларда шығармашылық мамандықтарды оқуға мүмкіндігі жоқ. Бұл үлкен мәселе. Қазір елімізде ерекше балаларға театр құзыреттілігін үйренуге мүмкіндік беретін бағдарламалар жоқ. Мысалы, вокал бөлімінде ым-ишарат тілінде ән айту мамандығы жоқ. Бұл мәселеден одан әрі жұмысқа орналасу проблемасы туындайды. Коррекциялық мектептерді бітіргеннен кейін балалар көбінесе тігінші немесе етікші болады. Диплом болмаса, мәдениет мекемелеріне орналаса алмайсыз. Бүгін біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Театр – бұл балалар үшін дамудың тамаша мүмкіндігі және бұл ерекше балалар қоғамындағы әлеуметтенудің маңызды кезеңі. Бірақ оқыту мәселесі, кәсіби даму мәселесі қазір өте өткір болып тұр», — деді спикер.

Қ. Түспекова атап өткендей, Ұлттық Дельфий комитеті өз жобаларымен, ерекше балалармен, оның ішінде, есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелерді ұсынып, жетекшілік ететін министрліктерге бірнеше рет жүгінген.

«Біз бағдарламалар әзірлеу процесіне қатысуға дайынбыз», – деді спикер.

Бүгінгі таңда Петропавл қаласында оқу орындарымен уағдаластыққа қол жеткізілді, соның нәтижесінде ерекше студенттер шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға мүмкіндік алды, ал театр актерлері облыстық қазақ драма театрының қызметкерлері болып табылады.