Тәрбиеші тасада қалмайды

Соңғы жылдардағы елеулі жаңалықтың бірі – ұстаз мәртебесін көтеру. Бұл бағытта арнайы заң қабылданып, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту және айлықтарын көтеру шаралары қабылданды. Ал жұмысы мектеп мұғалімінен көп болмаса, кем түспейтін балабақша тәрбиешілері ше? Олар тасада қалып кетпеді ме? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында бұл мәселеге назар аударып, сала министрлігіне бірқатар тапсырма берген-ді.

Президент Жолдауында тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін, жалақысын көтеру, сондай-ақ олардың жұмыс жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігі осы бағытта ауқымды жұмыстарды қолға алған. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта бірнеше балабақшада пилоттық жоба іске асырылуда, тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі сынақтан өткізілуде. Тәрбиешінің жүктемесін азайтуға келсек, бүгінде түске дейін бір тәрбиеші, түстен кейін екінші тәрбиеші жұмыс істейді. Бірақ ол бірден 25 баламен жұмыс істейді. Ал халықаралық тәжірибеге қарайтын болсақ, онда бір тәрбиешіге одан аз баладан келеді. Сондықтан жүктемені де азайтуымыз керек. Сәйкесінше балаға деген қамқорлық та, тиісті жұмыстың да тиімділігі артады, – деді министр.

Тағы бір айта кетерлігі – бұған дейін мектеп және колледж ұстаздарын қағазбастылықтан құтқаратын құжатқа қол қойылған-ды. Яғни олар енді баяғыша қабат-қабат есеп тапсырып әуре болмайды. Әйтсе де мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде бұл іс кенжелеп тұрған. Енді ол да оңтайлы шешім тауыпты. Енді тәрбиешілер небәрі үш құжат қана толтырады.

– Енді қол қойылған бұйрыққа сәйкес, тәрбиеші тек мынадай құжаттарды ғана толтырады:

1) оқу жылына арналған перспективалық жоспар (жылына бір рет толтырылады);

2) тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады);

3) диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасы, ол қажеттілігіне қарай толтырылып, жүргізіледі, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі де орайлы шешімін таппақ. Елімізде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылданатын болады.

– Мемлекет басшысы министрліктің алдына балаларды 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндетін қойды. Бүгінгі күні кезекте тұрған балалар санынан есептегенде 2-6 жастағы балаларды қамту 88%-ды, ал балалардың жалпы санынан 58%-ды құрайды. Қалай болса да, бұл балаларды сапалы біліммен қамтуымыз керек. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, келесі жылғы бюджетке мемлекеттік тапсырыс беру үшін қосымша қаражат қарастырылып отыр. Биылдың өзінде 300-ден астам жаңа балабақша салынып, 40 мыңға жуық орын ашылады деп күтілуде, – деді Оқу-ағарту министрі.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»