ТҰРҒЫНДАР ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАРСЫ

Қарағандылық тұрғындар үй ауласында салынатын жаңа нысанның құрылысына қарсылық білдірді. Жұрттың айтуынша, іргелес аумақтағы құрылыс ешбір ескертусіз басталып кеткен. Соңғы уақытта Степной-2 және Степной-3 шағынауданы тұрғындарынан маза қашқан. Жұрттың өре түрегелуіне аулаларында басталған құрылыс – себеп. Тұрғын үйдің тура жанындағы алақандай аумақ қоршалып, дайындық жұмысы жүргізіліпті. Ал бұған түбегейлі қарсы болған көпшілік баспаналарына тақап салуға қалай және қай заңға сүйеніп рұқсат берілгенін ұға алмай дал.

Тұрғындар тіпті 20-ға жуық адам болып жиналып құрылыс нысанының алдына барып, атқарылып жатқан жұмыстарға наразылық білдірді. Алайда жергілікті жұрт қарсы екендерін жауаптыларға құрылыс басталмай тұрып та жеткізген. Тіпті қараша халықтың толғақты түйткіл жөнінде Қарағанды қаласының әкіміне де жүгінгенін айтты жергілікті тұрғын Николай Казинский:

– Біз бұл мәселемен қала әкіміне жүгіндік. Мейрам Кожухов бұл мәселені бақылауға алатынын, шешетінін айтып уәде еткен болатын. Яғни құрылыс жұмыстары болмайтынына сендірді. Әкімдікте тыңдалым ұйымдастырылып, қарсы дауыс жинаған болатынбыз. Алайда, көріп тұрғандарыңыздай, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл не масқара енді?

Қазіргі уақытта құрылыс жүргізілетін нысанның аумағын қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындар қоршаулар адам жүретін тротуарларға өте жақын орнатылғанын айтады. Бұл – жолдан өтетін балаларға қауіп төндіреді деп алаңдайды олар.

– Күнде немеремді мектепке осы жолмен апарамын. Мұнда жүріп өту қауіпті, өзім үш жол-көлік апатының куәгері болдым. Мұнда көліктер көп, өте қауіпті. Қыста қараңғыда жүріп өту тіптен қауіпті. Егер жаңа үй салса, тіптен орын қалмайды. Аяқ басып жүре алмай қаламыз, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Қаныш Маненов.

Көп күтпей құрылыс алаңына Қарағанды қалалық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі келді. Халыққа жағдайды түсіндіруге тырысқан Дәурен Шәкенов тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

– Қазіргі уақытта осы компания техникалық шарттар алу және одан әрі сараптамадан өту, хабарлама талонын алу жұмыстарын жүргізуде. Хабарлама талонынан кейін ғана олар құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға құқылы. Хабарлама талонын алғанға дейін құрылысқа тыйым салынады. Бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Хабарлама талонын алғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған жағдайда, шаралар қабылдау және құрылысты тоқтата тұру үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тиісті хат жолданатын болады, – деді ол.

Тұрғындар ауланы су басатынына да шағымданды. Қазірдің өзінде дұрыс істемей тұрған кәріз жүйесіне қосымша ауыртпалық түседі дейді көпшілік.

Тапсырыс беруші – «Тұрғын үй қоры» құрылыс компаниясы. Ал жұмысты «Алмаз Строй KRG» ЖШС жүргізеді. Жоба жетекшісі тұрғындардың барлық мәселесінен хабардар екенін және көмектесуге дайын екенін айтты. Айталық, қазір олар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін тротуар бойымен қоршау салып жатқан көрінеді. Сондай-ақ кептелісті азайту үшін қосымша бұрылыс жолын жасауды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді жоба жетекшісі Виталий Олех.

Жауапты маман құжаттамада бәрі дұрыс екеніне кәміл сенімді. Құрылыс жұмысы заңнаманың барлық талабына сәйкес жүргізілетініне уәде берді жоба жетекшісі. Қазіргі уақытта олар Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына сұраныс хат жолдады. Сонымен қатар қазір хабарлама талонын күтуде. Құрылыс салушылар Степной шағынауданының тұрғындарын да жаңа үйдің пайда болуымен ешқандай коммуналдық мәселе туындамайтынын айтып сендірді.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»