ТӘЛІМГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ


Департамент жанынан мемлекеттік қызмет ардагерлері қатарынан құрылған Тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Кеңестің мақсаты жаңадан тағайындалған жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсетуге, ел басқарудағы тәлім-тәжірибелербен бөлісуге бағытталған.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес Саран қаласының әкімі Е.Баулыковтың және Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданының әкімі Д. Күлекеевтің атқарылған жұмыстары мен алға қойған мақсаттары тыңдалды. Досбол Күлекеев аудан әкімі қызметіне биыл ғана тағайындалған. Осы уақыт аралығында жасалған жұмыстар легіне қысқаша шолу жасап өтті. Қазір спорт алаңдарын абаттандыру бойынша жұмыстарды аяқталған. Атап айтқанда 6 футбол алаңын абаттандыру жұмыстары жасалыпты. Сонымен қатар әкім биыл тұрғындардың бос уақыты мен демалысын өткізетін жерлерге көп көңіл бөлуге тырысқанын айтады.
-Қазір Теміржолшылар мәдениет үйінің алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Тек қана соңғы ұсак-түйек түзетулер ғана қалды. Иттерді серуендетуге арналған 4 алаңды абаттандыру бойынша жұмыстар да толық көлемде орындалды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 10 балалар ойын алаңы орнатылды. Келер жылы да ауданды көркейту жұмыстары жалғасатын болады. Қазірдің өзінде 2024 ж. арналған жоспар дайын, деді Ә.Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев. Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов та өз жұмысымен таныстырып өтті.
-Қазір қала экономикасын әртараптандыру жалғасуда. Басты нәтижелер жайлы айтып өтсем. Бұл нәтижелер «Saran» республикалық индустриялық аймағының дамуына және біздің кәсіпорындардың дамуына байланысты. Қазірдің өзінде Artel маркалы тұрмыстық техника өндіретін «Silk Road Electonics» ЖШС — нің және және «KamaTyresKZ» ЖШС — автомобиль шиналарын өндіруші екі ірі» жобаның жұмысы аяқталуда. Қосымша инвестициясы 400 млрд. теңгеден астам тағы 6 кәсіпорынның жұмысы іске қосылмақ, дейді Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов.
«Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші кеңесі биыл ғана жұмысын бастады. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық аймақтарында құрылған.
-Әкім болсаң, халқыңа жақын бол дейді ғой. Әрдайым халықтың сұранысына құлақ түре алатын әкім болыңыздар. Жалпы мемлекеттік қызметшілердің істері кесімді, сөздері өтімді болу қажет. Шешім қабылдау кезінде бейтарап, әділетті болыңыздар. Мұндай тәлімгерлер кеңесі осы аға буынның жас мамандарға өз тәжірибесімен бөлісуі үшін жасалады. Халқымызда бір кісінікі мақұл , екі кісінікі ақыл дейді ғой. Сол үшін ардагерлердің кейінгілерге ақыл-кеңесін, ізгі тілегін айтып тұруы қажет деп білемін, дейді Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жолданғар Ербол.
Тәлімгерлер кеңесінің басты мақсаты — мемлекеттік басқарудың сабақтастығы және лауазымға тағайындалған басшылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және бейімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілерге рухани-адамгершілік бағдарларды және құндылықтардың тұрақты жүйесін қалыптастыру.
-Тілейтініміз әрине табыс, еңбектеріне жеміс. Берген тапсырмаларды қадағалап, ары қарай басталған істі соңына дейін жеткізе білу басты талап әкім үшін. Пікірлерге ашық, халықтың сұрауына құлақ түре алатын әкім болыңыздар. Барлығымыздың тілегіміз осы, деді Мемлекеттер қызмет ардагері Ғабит Тұяқов. Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет ардагерлері басшы лауазымына тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге кәсіби дағдыларды дамытуға және ұжым арасындағы тұрақтылықты сақтауға байланысты өз кеңестерін берді.