Төл туынды: «Тұзақ»

Бірер апта бұрын қарағандылық кинорежиссер Қаршыға Игеннің «Тұзақ» атты көркем фильмі көпшілік көрерменге жол тартты. Адам баласы тағдыр жолында шалыс басса — шатылады, түбінде жұтылады. Режиссердің «Тұзақ» атты туындыда көксеген ойы осыны меңзейді. Оқиға желісі өлшеулі өмірден алынбаған. Қаршыға Игеннің қиядан шалатын ұшқыр қиялынан туындаған.

— Бұл жердегі айтылар ой — дұрыс жасамасаң, түбінде тұзаққа түсесің. Бәріміздің алдымызда бір тұзақ бар, сол тұзаққа түспес үшін дұрыс жүру керек. Егер дұрыс баспай жүре берсек, бір тұзақтан аттап, екінші тұзаққа түсеміз деген мағынада түсірілген фильм, — дейді режиссер.

Кинокартинада екі жігіт пен бір арудың арасындағы алдау мен арбау, қызғаныш пен өкініш, опасыздық көрініс табады. Ормандағы шым-шытырық атыс-шабыс, тағдыр торабындағы талас- тартыс қилы эпизодтармен өрілген.

— Жазушыға өз ойын айтып жеткізу үшін қалам мен қағаз керек, суретшіге бояу, композиторға аспап, ал режиссерге қаржы мен қолдау керек. Сенің жүрегіңде бір тылсым дүние буырқанып жатса да, оны басқа адамдардың қолдауынсыз жарыққа шығара алмайсың, қолыңнан түк келмей, жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Фильм түсіруде режиссердің көріп болжап отырған әлемін басқа ешкім көре алмауы мүмкін. Оны суреттеп беруге сөз жетпейді. Мәселен, сен керемет сценарий жазасың да, көркемдік кеңеске апарасың. Көркемдік кеңес саған «мынауыңнан ештеңе шықпайды» дейді. Не дейсің, 12 адамға қарсы шыға алмайсың ғой, — дейді қарағандылық кино маманы. — Дегенмен, Құдайға шүкір, қазір әдеби талғамы жоғары, кино саласынан хабары бар, қазақы дүниетанымы мейлінше терең азамат, «Saryarqa» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев мені түсініп, жобаларымның болашағына сеніммен қарап, кез келген бастамамды қос қолдап қолдайды. Өзінің жаңалығынан, хабарынан тыс уақыт тауып жатқан осы «Saryarqa» телеарнасына алғысым шексіз. Осындай туындыларды қолдап, келешекте жастар да түсіреді деген ойдамын. Сондай-ақ Қарағанды облыстық өлкетану мұражайына, Ахмет Халенов, Индира Тоқмурзина, Білім беру және симуляциялық орталық директоры Гүлшат Кемеловаға, практикалық дағдылар тренерінің көмекшісі Жанерке Тайкен, Күланда Темірбаева, Гүлнұр Жакен, Гүлбақша Ахажанова, Кирилл Васильевтерге де көп рақметімді айтамын.

Телеарна төл өнімінің хронометражы 35 минуттан тұрады. Туындының басым бөлігі Қарқаралы ауданындағы тау бөктерлері мен сұлу табиғаты аясында түсірілген. Фильмде басты рөлдерді кәсіби және әуесқой актерлер мен актрисалар сомдаған. Тіпті тасада жүрген таланттардың елге етене танылып, беймәлім қырынан көрінуіне жарқын жол ашылды.

Түсірілім орнында қар жауып кеткендіктен, бастапқы сценарийге өзгерістер енген. Содан кей көрініс басқаша шықты. Қаршыға Иген осындай өзгерістерге қарамастан туындының шығуына атсалысқан қыз-жігіттерге, операторлар, гример, актерлерге алғыс білдіріп, рақметін айтады.

— Сценарийді Дариха Нұржаевамен бірлесе отырып жаздық. Екінші режиссер ретінде Айдос Садықовтың та атқарған еңбегі елеулі. Ал туындының негізгі идея авторы — Жұмағұл Шөженов. Бас кеңесші Амандық Серіковке де алғысым шексіз.

Бұл — жерлесіміздің қалың көрерменге жол тартқан осымен алтыншы туындысы. Қарқаралыда бір апта болып, кейін Қарағандының Қарқаралыға ұқсас жерлерінде де түсірілім жалғасқан. Жалпы алғанда, 1,5 айдың көлемінде түсірілген фильмнің монтажы көп, 2 айдан аса уақыт алған.

— Бекзат Оспанов бастаған операторлар мен дыбыс және монтаж режиссері Айнұр Ракишовалардың ынталы жұмыстарының нәтижесінде фильм өз деңгейінде шықты. Ал Қуаныш Мақсұтовтың «Тағдыр әуені» әні туындының түпкі идеясын жеткізгендей болды.

2000 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына аяқ басқалы осы салада қызмет етіп келе жатқан режиссердің есімі «Пеш», «Адасқан әйел», «Әдемі келіншек», «Наурызым», «Блогер келін» кинокартиналарымен кеңінен танымал.

— Мектеп қабырғасында әдебиет, тарих сабақтарын сүйіп оқитынмын. Содан кино саласына қызығушылық пайда болып, осы жолға бет бұрдым. 2-курс оқып жүргенде Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасының желісінде фильм түсірдім. Алғашқы туындым ауылда үш күн ішінде түсірілді. Сол кезде бала деп бетімді қақпай, керісінше, қолдап, түсірілім тобын жинап, ауылға барып қайтуымызға, фильм түсіруге көмектескен Нұртай Сабилянов ағамызды атап өткім келеді. «Адам болдым- толдым деген күні өледі» дегендей, әлі өз ісімнің шеберімін деп мақтана алмаймын. Өзіме сыни көзбен қарағандықтан ба, өзім жасаған дүниенің көбіне көңілім тола бермейді, — дейді Қаршыға Иген.

Артық дыбысы жоқ, тартымды шыққан туынды жерлесіміздің биікке бастайтын баспалдағы іспеттес. Үлкен экран бетінен көрсетілетін туындылар әлі алда екеніне сеніміміз мол.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»