Тұлғаға таңдау түссе игі

Бейбіт өмірдің парқын ұғына білуге тиіс ұрымтал кезеңде тұрғанымыз анық. Біз бомбалардың жарылысын, автоматтардың атқылағанын естіп жатқан жоқпыз. Бірақ, бәрін де жон арқамызбен сезініп отырмыз. Мамыражай мына ғасырда соғыс өрті тұтануы мүмкін емес дегенге сеніп келген едік, мұнымыз түбірімен қате болып шықты. Мың құбылған мына дүниеде бәріне де дайын болу керектігін уақыттың өзі көзге шұқып көрсетіп берді…


Дүние терезесі дүрдараздықтан шытынып тұрғанда дипломатия атты дана ұғым ат ойнатып алдыңғы шепке шықты. Қарап тұрсақ, бұл дипломатия дегеніңіздің өзі қазағыма жат емес екен. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен ұлы бабаларымыздың ұстанымы саясаттың бұл түріне кегенде ет тураған өткір бәкідей лыпыған-ау. Солай деп даланың ауызша тарихы айтады.
Осындайда Қаздауысты Қазыбек би еске түседі. Ата жау қалмақтың қаһарлы ханының алдындағы «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» деп басталатын атақты сөзі дала дипломатиясының биік шыңы емес пе еді?! Кемеңгер бабамыз сол сөзін: «Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!», деп аяқтаушы еді ғой. Сол сапарында алғашқы мүшелінен енді асқан Қаздауысты Қазыбек қызыл тілдің күшімен қалмақтың тұтқынынан қазақтың жақсы мен жайсаңын босатып әкелген жоқ па?
Міне, осы дипломатия дәуренінің қажеттілігі қайта оралды бүгінде. Тізеге салсаң тігісінен сөгілетін бүгінгінің аумалы-төкпелі заманында бұған арқа сүйемесек, жағдайымыздың әлдеқандай боларлығын да жақсы ұғынып отырмыз.
Иә, әр нәрсенің парқы салыстырғанда білінеді. Айналамызда болып жатқан айтыс-тартыстың, атыс-шабыстың түбіне үңілсеңіз, түсіністіктің топырағына дән салған дипломатияның жоқтығын аңдар едіңіз. Ал қар жауған қабақты жібітетін, пиғылдың терістігін түзейтін, келісімге амалсыз көндіретін құдіретті сөз болған жерде әңгіме басқа.
Осы дипломатияның арқасында солтүстіктегі көршімізбен арадағы қарым-қатынасымыз құдайға тәубе дейтіндей дәрежеде. Ал шығыстағы шекараласымыз еліміздің егемендігін құрметтейтінін, оның ішкі ісіне араласқанға үзілді-кесілді қарсы болатынын айтып, жаһанға жария етті. Біле білген адамға мұндай кепілдік кім-көрінгенге беріле бермейді. Мұның бәрі дана дипломатияның, осы жолда даралық сипатқа ие болған қайраткер тұлға еңбегінің жемісі деп айтпасқа тағы болмайды.
Бес күннен кейін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы. Бюллетеньді жәшікке тастар алдында саналы сайлаушы жоғарыда айтқан сөздерге терең мән беріп, ертеңіне үміт сыйлаған еркін таңдау жасаса екен деп тілейсің. Яғни, «Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!» деген идея төңірегіне топтасып, жеті жылда елді игілікке жеткізуді асыл мұратына санаған саясат салтанат құрса, нұр үстіне нұр болар еді!

Қайрат ӘБІЛДА
ҚАРАҒАНДЫ