Т. Дүйсенова: жұмыс берушілер жас қызметкерлердің біліктілігін арттыруға міндетті

Қазіргі кезде жастарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге олардың кәсіби дағдысын көтеру мәселесі бойынша жауапкершілік жүктеледі. Себебі жастардың біліктілігінің жоғары болуы оның бизнесі үшін тиімді. Осы орайда Салық кодексінде тиісті жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.


Оның айтуынша, сондай-ақ «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Оның аясында жастар өздерінің білімдерін, дағдыларын бағалайтын сертификаттау институты іске қосылады.
«Енді жастар дипломы болмаса да, сертификат алып, жұмысқа орналаса алатын болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бүгінде жұмысқа орналасқан кезде жұмысшының дағдыларын растайтын сертификат маңызды рөл атқарады, яғни практикалық жұмысы мен біліктілігі», — деді спикер.