Құтқарушылар балалар үйі тәрбиеленушілерін қуантты

Қарсаңда облыс ТЖ департаментінің қызметкерлері Қарағандының кішкентай тұрғындарын қуантуға асықты. Олар өз қаражатына сыйлықтар, кітаптар сатып алып, балаларды құттықтауға барды. Сондайақ өрт сөндіруші және құтқарушы мамандықтары туралы танымдық және қызықты дәріс дайындады.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері – бас құтқарушы Олег Кухар, кинологиялық бөлімшенің бас құтқарушысы Амандос Айдосұлы, №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Нарбота Хасенов – өңір ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжановтың басшылығымен Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған балалар үйіне барды.

Сыйлықтарды тапсырмас бұрын департамент қызметкерлері балаларға өз мамандықтарының ерекшеліктері туралы айтып, құрал-жабдықтарды көрсетті. Тіпті Грин атты құтқарушы итпен таныстырды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы киім мен оттегі маскасын киіп көрді.  Сондай-ақ балаларға алғашқы көмек көрсету ережелерін түсіндіріп, жасанды тыныс алуды қалай дұрыс жасау керектігін көрсетті. Дәріс барысында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар өз қызметі туралы барлық сұрақтарға жауап берді. Соңында балалардың біраз бөлігі өз өмірлерін құтқару қызметімен байланыстыруды ойластырғаны анықталды.

Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында орналасқан Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған балалар үйінің директоры Даникер Сейсекина департаментке сыйлықтар мен танымдық сұхбат үшін алғыс білдірді:

– Біздің ұжым атынан Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа жыл қарсаңында бізге осындай көмек көрсеткені және кітапханамызды толықтыратын кітаптар сыйлағаны үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл үшін оларға көп рахмет. Балалар – біздің байлығымыз, болашағымыз. Біз балаларымыздың сенімді достары мен қолдаушылары бар екеніне қуаныштымыз, – деді ол.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»