Суыққа төзімді құстар

Күздің қоңыр салқын ауа-райында құстар жылы жаққа ұшып, мекенжайларын ауыстырып жатады. Мыңдаған шақырымды бағындырып, өздеріне жайлы климатқа ауысады. Мекенің ауыстырудың да бір себебі, құстардың жылулықты жақсы көруі. Десе де қыстың күні көшелердің бойын, ұйқыға кеткен ағаштардың басында ары-бері секіріп жүрген қанаттыларды байқап жатамыз. Олар қандай құстар? Соларға тоқталайық.

Көзге кішкентай ғана болып көрінген торғайлар адамдардан аса қатты қорқа қоймайды. Жабайы торғайлар қыста тамақ табу үшін адамдардың үйіне жақындауға тырысады. Ал қыстың аязды түндерінде жылыну үшін құстар бір-бірімен жақындасып, тізбектеле бір қатарға отырады, әрі уақыт өте жылулықты сақтап отыру үшін орындарын ауыстырады. Торғайлармен бірге қыстың суығында түрлі-түсті көгершінді де кездестіреміз. Аяқтарының құрылымына байланысты көгершін ағашта өмір сүруге бейімделмеген. Тамақтануды таңдауда бұл құс өте қарапайым. Дәндермен, жидектермен қоректенеді. Қала көшелерінде мекен ететіндері бидай, жүгері, сұлы және арпа шоқиды. Олар адамдар көп жүретін аумақтарда ұя салады, өйткені мұндай жерлерде азық табу оңайырақ болады. Көгершіндердің айрықша ерекшелігі – олардың тұрғылықты жеріне деген сүйіспеншілігі. Бәлкім содан болар, ыстық, суығына қарамай туған жерінінен де бір елі ажырамайды.

– Қыстап қалатын құстар: қарға, сауысқан, торғай, суық торғай, сары шымшық. Сауысқан – ала қанатты, ұзын құйрықты құс. Ұясына жұмыртқа салып, балапан басып шығарып оларды қауіп-қатерден сақтайды. Кез келген тамақты қорек етеді. Қауырсындары бірыңғай қара емес, жасыл реңкті келеді, бүйіріндегі қауырсыны аппақ. Ол өте сақ. Ерекшелігі – жылтыр, әшекейлі заттарға әуестігі. Оның ұғымталдығы да соншалық адамның айтқан сөзін жаттап алады. Суық торғай – кеудесі қызыл, қанаттары көкшіл болып келген, ағаш қуыстарын, індерді, үй-жайларды мекендейді. Бұталардың дәнімен, жемісімен қоректенеді. Кейде тоқылдақ қорегінің қар бетіне түскен қалдығын теріп жейді, – дейді қала тұрғыны Әсия Қанайбекова.

Қарғалар да қазіргі таңда қалада өмір сүруге бейімделді. Олар жаз айында мекендеген жерінде қыстай береді. Бірақ үлкен аяздың басталуымен олар қалаларға немесе адамдардың ауылдарына жақын қоныстанады, өйткені бұл жерлерде әлдеқайда жылы және әрқашан азық табуға болады. Қыстың күні бұл құстар топтасып өмір сүреді. Егер де тапқан азық-түлігі көп болса, онда олар оны оқшауланған жерге жасырып, жинайды және басқа құстардан ерекшелігі – тамақ түрін талғамайды. Дәнді-дақылдан бастап, қалдықтармен де қоректене береді.

– Балаларды жергілікті жердің құстарымен таныстырып оны күтіп баптауға, аялауға, оларға қамқорлық жасап, мейірімділікпен қарауға тәрбиелеу керек. Балаларды табиғат арқылы адамгершілікке тәрбиелеу және экологиялық білімдерін толық ұғымға жетілдіру үлкендердің міндеті. Құстар туралы білімдерін толықтыру, құстарға деген қызығушылығын, тілдерін дамыту, сөздік қорын молайту маңызды, біз бала кезімізде әсіресе еңбекке баулу сабағында құстарға ұяны көптеп жасайтынбыз, – деді қала тұрғыны Мақтым Хабаров.

Балғаның соғысындай дыбыс шығаратын тоқылдақта қыстың күні ешқайда кетпейді. Қыста тоқылдақтар саябақ пен орман аймақтарында мекендегенді жөн көреді. Барлық азығын ағашты жарып табады. Дәнді-дақылдан гөрі жәндіктерді, құрт-құмырсқаларды қорек еткенді жөн көреді. Бұл құстардың барлығы қыстың күні өз мекендерін тастамайды. Ал жалпы айтатын болсақ, қыста мекен етіп, азығын табатын қанаттылар аз емес. Өзіңіз қыс мезгілінде мекен етер басқа қандай құс атауын білесіз?

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»