Сурдотхэквондодан өткен Әлем чемпионатында жерлестеріміз алты медаль жеңіп алды

Қарағандылық спортшылар сурдотхэквондодан Әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынына олар бір алтын, үш күміс және екі қола жүлде салды.

Жарыс Бішкекте өтті. Сайысқа 20 елден 195 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасында 22 жауынгер өнер көрсетті.

Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сай, қарағандылық алты спортшы ерекшеленді, олар:

– Айжамал Әбдікатова (57 кг) – 1-орын;

– Аян Әбдіраш (58 кг) – 2-орын;

– Әсем Баймахан (62 кг) – 2-орын;

– Ансар Орлов (63 кг) – 2-орын;

– Нұрдәулет Жақып (68 кг) – 3-орын;

– Виктор Фрундин (+87 кг) – 3-орын.

Спортшыларды Қазақстан сурдотхэквондо федерациясының президенті Руслан Ищанов жаттықтырады.

Айта кетейік, өткен жылы қарағандылық жауынгерлер Айжамал Әбдікатова, Нұрдәулет Жақып, Аян Әбдіраш, Виктор Фрундин Бразилиядағы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстанның намысын лайықты қорғаған болатын.