Судың да сұрауы бар
Қарағандыда Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Экология және балалар» конференциясы өтті. Биылғы конференция облыстың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары мен педагогтерінің жобалау-зерттеу жұмыстарының конкурсы түрінде өткізілді. Оқушылар мен педагогтер экоконференцияда тың жобалар ұсынды.
Конференцияға 100 өтінім түскен. Екінші кезеңге 71 адам қатысты. Қатысушылар қазылар алқасының мүшелеріне зерттеу жұмыстарын (презентациялары бар баяндама) ұсынды.
Байқауға қатысқандар жаңа технологиялар негізінде қоқыстарды қайта өңдеу және су ресурстарын үнемдеу арқылы қоршаған ортаның ластану проблемасын шешу жолдарын ұсынған.
– Қазақстанның жекелеген өңірлерінде су тапшылығы сезілуде, шөлді аумақтар бар. Біз бұл мәселені конференцияда атап өтуді жөн көрдік. Балалар суды үнемдеу керек екенін түсінуі керек. Біздің мектептен осы тақырып жөнінде екі оқушым қатысты. 7-сынып оқушысы Әйгерім Құрметбек бірінші орын иеленді. 10-сынып оқушысы Ақбота Өркенбекқызы күміс жүлдегер атанды, – дейді Теміртау қаласының №29 ЖББМ-ның биология пәні мұғалімі Рина Дәулетхан.
Жүлделі орындар жас санатына қарай бөлінді. Жеңімпаздар грамотамен және сыйлықтармен марапатталды. Басқа қатысушылардың барлығына алғысхат пен ынталандыру сыйлығы берілді.