Судағы қауіпсіздік – басты назарда

Жаз мезгілі басталғалы елімізде судағы жазатайым оқиғалар азаймай тұр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы 69 бала суға кетіп, көз жұмған. Қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған әрі арнайы жабдықталмаған орындарда тіркелген. Осыған байланысты құзырлы органдар ата-аналарды балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырып отыр.

ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов брифингте балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналардың жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті.

«Шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 69 бала суға кетті. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмаңыздар және тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылыңыздар», – деді Арман Саданов.

Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар Қарағанды облысында да тіркелуде. Жақында Қарағанды қаласындағы «Көгілдір тоғандарда» жасөспірімнің суға кетуі қоғамның алаңдаушылығын күшейтті. Мамандардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басты себебі – азаматтардың қауіпсіздік талаптарын елемеуі.

– Қауіпсіз орын – құтқарушылар су түбін тексеріп, тереңдігін анықтаған, арнайы қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған жағажай. Өкінішке қарай, жасөспірімдер белгіленбеген жерлерде суға түсіп, су түбінің ерекшелігін ескермейді. Мұндайда су иірімі, аяқтың тартылып қалуы немесе су астындағы кедергілер қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – дейді Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері Сұлтан Зейнуллин.

Осыған байланысты Қарағанды облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда өңірде 120 құтқарушы мен 34 арнайы техника тәулік бойы кезекшілік атқарып, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск қалалары мен Абай және Қарқаралы аудандарындағы су айдындарында қызмет көрсетуде.

Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 10 адам қаза тауып, оның екеуі бала болған. Дегенмен өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шомылу маусымындағы қайғылы оқиғалар саны 33 пайызға азайған. Мамандар барлық қайғылы жағдайлардың рұқсат етілмеген орындарда болғанын айтады.

– Шомылу маусымы басталғалы мыңдаған профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу, – дейді ТЖД төтенше жағдайлар салдарын жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев.

Биыл 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау жүргізу құзыреті Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Облыста тіркелген 938 шағын көлемді кемеге бақылау күшейтіліп, құтқару кеудешесінсіз жолаушы тасымалдаған кеме иелеріне қатысты 33 әкімшілік хаттама рәсімделген.

– Азаматтарды тек рұқсат етілген жағажайларда демалуға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Қарапайым талаптарды орындау адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Асет Әшімов.

Мамандардың айтуынша, судағы қауіпсіздік ең алдымен әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Балаларды қараусыз қалдырмау, тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылу және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»