Ұстаздар айлығы өседі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтап, келесі жылы мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін айтты. Министр бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Қымбатты әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз – тек мамандық қана емес, сонымен бірге арнайы ағартушылық миссия. Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуға, дұрыс құндылықтарды бойларына сіңіруге көмектесесіздер. Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесі – 500 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейін бірден мұғалімдер корпусын қолдау үшін барлық шараны қабылдауды тапсырды.

Осылайша 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Біліктілік санаты, магистратура, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені және т.б. үшін әр түрлі қосымша төлемдер енгізіліп, олардың көлемі ұлғайтылды», – деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Мемлекет басшысының шешімдері арқасында мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ