Ұстаздарға жеңілдік пе, әлде талаптың әлсіреуі ме?

Қазақстандық мұғалімдерді аттестаттау жүйесінде ауқымды өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәртіп бойынша педагогтер пәндік тест тапсырудан және ғылыми мақала жариялау міндетінен босатылмақ. Оқу-ағарту министрлігі бұл қадамды қазіргі жүйедегі артық қағазбастылықты азайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатымен түсіндіреді. Дегенмен, жаңа бастама қоғамда әртүрлі пікір туғызды.

 

Жобаға сәйкес, 2027 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін бағалауда пәндік тестілеу толық алып тасталуы мүмкін. Енді ұстаздар аттестаттауда нақты атқарған жұмысы, жобаларға қатысуы және тәрбие бағытындағы қызметі арқылы бағаланбақ. Ашық сабақтар саны қысқарғанымен, практикалық жұмысқа басымдық беріледі.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қазіргі жүйені қайта қарау қажеттігін айтып, бағалаудың жаңа форматына қолдау білдіреді.

– Әрбір мұғалімнің дипломы бар, яғни ол өз пәнін кәсіби деңгейде меңгерген. Егер мұғалім өз пәнін оқыта алмаса, ол онсыз да мектепте жұмыс істей алмайды. Сондықтан бағалау тек тестке емес, нақты нәтижеге сүйенуі тиіс. Мұғалімнің еңбегін тек ғылыми мақала немесе формалды тест арқылы өлшеу дұрыс емес, – дейді ол.

Алайда білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы бұл өзгерісті қатаң сынға алды. Оның пікірінше, пәндік тесті алып тастау білім сапасына кері әсер етуі мүмкін.

– Бұл шешімді мен абсурд деп есептеймін. Балалардан ҰБТ талап етсек, неге мұғалімдерден өз пәні бойынша терең білім талап етілмеуі керек? Мұғалім ұйқыдан оятса да, өз пәнін толық айтып бере алуы тиіс. Жыл басында министрлік мұғалімдердің едәуір бөлігі тесттен өте алмағанын айтқан. Ендеше дәл сондай жағдайда тестті алып тастау түсініксіз шешім, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ мұғалімнің кәсіби деңгейі тек құжатпен емес, нақты біліммен өлшенуі қажет екенін атап өтті.

Ұзақ жылдық тәжірибесі бар педагог Елена Варганова жаңа жүйе мұғалімдерге түсетін жүктемені азайтады деп санайды.

– Көптеген мұғалім тесті білмегендіктен емес, сұрақтардың күрделілігінен өте алмай жатады. Өз пәнін білу – бір бөлек, оны тест арқылы дәлелдеу – басқа мәселе. Мұғалімнің басты құндылығы – оқушыға білімді түсіндіре білуінде, – дейді ол.

Ал педагог-психолог Елена Петренко жаңа жүйені қағазбастылықтан арылудың маңызды қадамы ретінде бағалайды.

– Бұл өзгеріс мұғалімдерді артық стресс пен формализмнен босатуға бағытталған. Енді басты назар құжат пен тесттен гөрі нақты оқу-тәрбие нәтижесіне аударылады. Бұл педагогтерге кәсіби дамуға көбірек мүмкіндік береді, – дейді маман.

Дегенмен, кейбір сарапшы авторлық жұмыстар мен ғылыми талаптардың алып тасталуы мұғалімдер еңбегін бағалаудың сапасын төмендетуі мүмкін екенін айтады. Педагогтердің бір бөлігі жылдар бойы жинаған портфолио мен еңбектердің ескерілмей қалуына алаңдаулы.

Қарағандылық білім саласының өкілдері де бұл мәселе бойынша біржақты пікір жоқ екенін атап өтеді. Сарапшылардың айтуынша, жаңа жүйе тек мұғалімнің жүктемесін азайтып қана қоймай, білім сапасын төмендетпеуі тиіс.

Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына сәйкес, педагогтердің білімін бағалау тесті тек жаңадан келген мамандар, кәсібіне қайта оралғандар, мектеп директорлары мен әдіскерлер үшін сақталуы мүмкін.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»