«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет»

Даңқты қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген нақыл сөзін тақырыпқа тұздық етуді жөн көрдік. Иә, расымен де, қай заманда болмасын балаға білім беріп, олардың бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастырушы тұлғаға деген құрмет жоғары болған. Сонау есте жоқ ескі замандағы патшалар мен қолбасшылардың өзі ұстаз алдын көріп, солардың тәрбиесін алғанын тарихтан жақсы білеміз. Ал бүгін ше?

Мойындау керек, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманда елдегі білім саласы қатты құлдырап кетті. «Мен» деген мықты ұстаздар мен әйгілі ғалымдардың өзі күнкөрістің қамымен базар жағалап кеткен дәуірді көз көрді. Айлығы шайлығына жетпейтін, үнемі ізденісте болуды талап ететін кәсіптің де қадірі қашқандай еді. Оның үстіне, қағазбастылық пен әкімшілік жұмысқа орынды-орынсыз жегудің бәрі, айналып келгенде, қоғамдағы мұғалім мәртебесінің аяқасты болуына алып келді. Түсіне білген жанға бұл – қасірет.

Заманында Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі», – демеп пе еді? Біз соны естен шығардық. Ұстазды ұлықтап, төрге шығарудың орнына қадірлі басын төмендетіп, әкім-қара жиналған шарада босаға күзеттіріп қойғанымыз тағы бар. Десек те мұндай масқара тым ұзаққа созылған жоқ. Қоғамның наразылығы, білім саласындағы келеңсіздіктер өз жемісін беріп, елде мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған кешенді шаралар қабылданған-ды. Соның бірі – «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң жобасы. Әсілінде, дәл осы заңның қабылдануы ұстаздың құмыққан үнін ашып, жағдайын жасап тастамаса да, белгілі бір деңгейде қылбұраудың қысымын азайтып, еркін тыныстауына жол ашты. Мемлекеттің жарқын болашағын мұғалімдерсіз елестету қиын. Бүгінде педагог мәртебесін көтеру жұмыстары өз жалғасын табуда.

Келешекте, осыдан бір ғасыр бұрын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ұстазды төрге оздырып, қадір тұтар күн де келер. Өйткені саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған мұғалімдер қауымына қашан да лайықты құрмет көрсетілуі тиіс.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»