Ұстаз есімі ұмытылмайды
Көктемнің мамыражай күнінде «Журналистика» кафедрасы маңызды және тағылымды шараға ұйытқы болып, белгілі журналист, сатирик және ұстаз Мартбек Мекентайұлын еске алуға арналған кездесу ұйымдастырды. С.Сейфуллин атындағы «Балауса» студент-жастардың шығармашылық орталығында өткен шараға Мартбек ұстаздың бауыры Асылан Тоқмырза, әріптестері мен шәкірттері қатысып, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты жылы естеліктермен бөлісіп, көңілге қонған ойларды ортаға салды.
Мартбек Тоқмырза – қазақ телевизиясында өз қолтаңбасын қалдырған, қазақ журналистикасына тың серпін әкелген кәсіби маман. Ол журналистика саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өзінен кейінгі жас журналистерге мол тәжірибе қалдырды. Ұстаздық қызметінде де өз ерекшелігімен дараланған Мартбек Мекентайұлы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде бірнеше жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, шығармашылық еркіндік пен бағыт-бағдар беріп, өзіне тән әдіс-тәсілдерімен сабақ берді. Оның сабақ беру әдісі ерекше болды, себебі ол әр шәкіртіне өз ойларын еркін жеткізіп, шығармашылық тұрғыда өзіндік стильдерін дамытуға көмектескен.
Кездесу барысында әріптестері мен шәкірттері Мартбек Тоқмырзаның адами қасиеттері мен кәсіби қызметін ерекше атап өтті. Аймақтық қоғамдық-саяси «Arqa aqshamy» газетінің редакторы Әдебиет Белгібайұлы журналистке арналған арнайы бет шығарды. Ол «Жыламайды Мәрт ағам, жымияды» деген тақырыппен Мартбек ағайдың есімін еске алып, газет бетінде оның өмірі мен шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен. Кездесуге газеттің жаңа шығарылымы әкелініп, қонақтарға таратылды. «Журналистика» кафедрасының профессоры Қойлыбай Дәулетханұлы Мартбек Тоқмырзаға арнап жүрекжарды өлеңін оқып, ұстазға, әріптеске деген құрметін жеткізді. Өлеңде Мартбек ағайдың ұстаздық қызметі мен өмірлік мұрасы, оның шәкірттеріне қалдырған әсері сөз болды. Кездесуде Мартбек ұстаздың бауыры Асылан Тоқмырза ағасының бастамашы болған бірқатар игі ісін еске алды. Солардың бірі елімізге танымал «Нәтиже» компаниясының атауына қосқан үлесі мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін ғашықтар күні ретінде белгілеу идеясының бастамашысы болуы. Осы бастамалар арқылы Мартбек ағай тек кәсіби журналист ретінде ғана емес, сондай-ақ қоғамға өз ізін қалдырған тұлға ретінде танылды.
Шәкірттері Мартбек Мекентайұлының адамгершілігі мен ұстаздық болмысын жоғары бағалайды. Бірнеше жыл бұрын олардың бастамасымен ұстазы тұрған үйге естелік тақта орнатылған болатын. Бұл – оның шәкірттері мен әріптестерінің ұлағатты ұстазға деген ерекше құрметінің белгісі. Кездесу барысында Мартбек Тоқмырзаның есімін мәңгі есте қалдыру үшін бірнеше ұсыныс талқыланды. Шәкірттері мен әріптестері бұл бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Ұстаздың мұрасын, оның журналистикаға қосқан үлесін мәңгі есте қалдыру бағытында түрлі жоба қолға алынбақ. Мартбек Мекентайұлының өмірі мен еңбегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында оның есімі журналистика саласында лайықты түрде аталатын болады.
– Мартбек біздің тек ұстазымыз ғана емес, ол біз үшін үлкен жол сілтеуші, шығармашылық еркіндіктің үлгісі болды. Оның әдіс-тәсілдері әрқайсымызға үлкен әсер қалдырды. Ол үнемі бізді ізденуге, жаңалыққа ұмтылуға, әрі өз ойымызды еркін жеткізуге баулыды. Оның ұстаздық жолы әрқашан біздің жадымызда мәңгі сақталады. Ол өте қарапайым әрі әділ адам болды. Мартбек Мекентайұлының кәсіби шеберлігі әрдайым жоғары деңгейде болды. Бірақ, оның басты ерекшелігі – шәкірттерімен қарым-қатынасы еді. Шәкірттерін тек маман ретінде ғана емес, адам болып қалыптасуға да бағыттай білді. Оның әрқашан жылы сөзі, түсінігі бізге үлкен күш-жігер беретін, –дейді «Журналистика» кафедрасының профессоры Қойлыбай Асанов.
Бұл кездесуден кейін Мартбек Тоқмырзаның есімі тек журналистика саласында ғана емес, оның шәкірттері мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның мұрасы тек еліміздегі журналистика мен теледидар саласында ғана емес, жалпы қоғамда қалды.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»