Құстарға қамқорлықпен
Өңірімізде «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясында табиғатты қорғау шаралары белсенді түрде жүзеге асуда. Қыс мезгілінде орманшылар мен аңшылық шаруашылығының мамандары жабайы жануарларды және құстарды қоректендіруге ерекше көңіл бөлуде. Суық ауа райының басталуына байланысты аймақта құстарға арналған 200-ге жуық ұя мен жемсалғыш орнатылды. Бұл шаралар тек орман алқаптарында ғана емес, қалалық жерлерде де жүзеге асырылуда.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының орманшылары құс ұялары мен жемсалғыштарды қолда бар материалдардан жасап, қыс бойы олардың азықпен толтырылуын бақылауда ұстайды. Мысалы, Кирзовод зауыты ауданындағы орман алқабына 10-нан астам құс ұясы орнатылды.
– Қыста құстарға көмек көрсету өте маңызды. Аязды күндер мен қалың қар құстардың азық табуын қиындатады. Барлық тұрғындарды құстарға көмек көрсетуге шақырамыз. Қаламыздың әр жеріне жемсалғыштар мен құс ұяларын орнату – табиғатты қорғауға қосқан үлесіміз болмақ. Дегенмен, құстарды қоректендіру кезінде белгілі бір ережелерді сақтау қажет. Оларды тұзды, қуырылған, немесе жаңа піскен ақ нан және тоқаш сынды тағамдармен азықтандыру зиян келтіруі мүмкін, – дейді Қарағанды облыстық орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының маманы Александр Москаленко.
2024 жылдың маусымынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарағанды облысында жеті ірі экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шаралар экологиялық сауаттылықты арттыру, табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін дамыту және тұрғындарды белсенді түрде қатысуға ынталандыру мақсатында өткізілді. Оның ішінде семинарлар, тренингтер, ақпараттық акциялар мен мәдени шаралар қамтылды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының бұл бастамалары экологиялық мәдениетті дамытуға, табиғатты қорғау жөніндегі жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін оятуға зор үлес қосуда.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»