Спорттағы жеңісті сәттер

Тарихы сонау 1947 жылдан бастау алған Қарағанды хоккейі — бүгінде спорт аренасындағы саңлақтардың бірі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау шағында «Сарыарқа» хоккей командасы бір жойылып кетіп, «Қазақмыс» деп корпорация жаңа топ жасақтап, оны Жезқазғанға алып кетті. Осылайша облыстық орталық бір кездері командасыз қалған. Арада жылдар өтіп, жергілікті жанкүйерлердің тілегі қабыл болып, 2006 жылы облыстық әкімдік қаулы қабылдап, бізде хоккей спорты қайта жанданды. Жай ғана жанданбай, бірнеше қаладан ұсақ командалар жасақталып, жастардың хоккей спортына деген құлшынысы артты. Спорттың бұл түрін әлеуметтік жоба деп айтуға болады. Сол себепті көрерменге, жанкүйерге жағдай жасау басты мақсаттың бірі болды. Арада өткен 15 жылда команда талай жайтты бастан кешіп, талай тартысты бәсекеде бақ сынады. Өзге елдің мұзайдындарын бағындырып, ел біріншіліктерінде де табысты ойындарымен тарихта қалды.

Команданың әр ойыны қиқулаған жанкүйерлер қолдауымен өтуі — қашаннан қалыптасқан жағдай. Алайда әлем болып әбігерге түскен коронавирус кезінде сырқат салдарын бұл ойын да сезінді. Шектеу шараларына орай ойындар жанкүйерлердің тікелей тамашалауынсыз өтіп жүрді. Дегенмен елдегі эпидахуал тұрақтағанда, «Сарыарқа» қолдаушыларымен сағына қауышты. Адал жанкүйерлер команданы түрлі қалада өткен сырт алаңдық ойындарда да қолдап келеді. Ал бұл жолғы маусымжабар жауапты ойын өзіміздің мұзайдында өтті. «Өз жеріңде қабырға да қолдау танытады» демекші, шешуші ойын нәтижесін күткендер аса көп болды. Спорттық сараптау жасауға машықтанғандар түрлі болжам айтып, бәс тігісті. Ақыры жеті ойынға дейін созылған тартысты бәсекенің тағдыры Қарағанды жерінде шешілді. Жерлестеріміз көкшетаулық «Арланды» 5:2 есебімен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Чемпиондық атаққа талас ойынында мұзайдын иелері есеп ашып, бірінші кезеңді аяқтады. Алайда қонақтар да қарымта қауқар көрсетіп, есеп айырмасын теңестірді. Екінші кезең 3:2 есебімен аяқталса, ал шешуші үшінші кезеңде есеп тағы еселене түсті. Гол авторлары: Саян Данияр, Денис Федоров, Михаил Рахманов, Сергей Барбашев және Никита Аноховский. Осылайша «Сарыарқа» хоккей клубы бұл маусымды чемпиондық нотада аяқтады. Жеңіске толы маусым нәтижесі бойынша команда капитаны Эдгарс Сиксна үздік қорғаушы деп танылды. Ал үздік шабуылшы атағы Михаил Рахмановқа бұйырды. Осындай жарқын ойынымен ұлттық құраманың кеңейтілген құрамына ілікті.

Хоккейде маусымды сәтті аяқтаған Қарағанды спортында аяқдопшылардың да аяқ алысы жаман емес. Қарағандылық «Шахтер» Қазақстан біріншілігінің кезекті тур ойындары аясында өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Қазақстан чемпионатының 9-туры қарағандылықтардың сенсациялық жеңісімен толықты. Жерлестеріміз былтыр ел чемпионы болған қостанайлық «Тобыл» командасын ірі есеппен тізе бүктірді. Осылайша үш ойындық жеңіссіз серияға нүкте қойылды.

Ойынның ортасына тақаған тұста қонақ команда ойыншысы өз айып алаңыңда теңбіл допты қолмен ұстап, ойыннан қуылды. Нәтижесінде матчтың 33-минутында 11 метрлік айып добын ойдағыдай орындай білген Тимур Досмағамбетов есеп ашты. Осылайша бұл ойында екі бірдей дәл соққысымен көзге түсті. Ойынның екінші жартысы бастала сала, Никола Ковталюк есеп айырмасын 2–0 ұпайға жеткізді. Алдыңғы ойындардағы сәтсіздіктен кейін бас бапкерсіз қалған «Шахтер» үшін бұл ойын аса қиындық тудырмады. Ойынның 60-минутында есеп 3:0 болды. Қостанайлықтар есеп айырмасын бір допқа қысқартқанымен, алаңға тыңнан қосылған Роман Мұртазаев бірден жауап қайтара білді. Есеп 4:1. Кеншілердің ендігі ойыны түркістандық «Тұранға» қарсы өтпек. Әзірге жинаған 13 ұпаймен «Шахтер» футбол клубы турнир кестесінде 7-орында келеді. Қорыта айтқанда, өткен аптада жанкүйерлер сенімін ақтаған жеңісті сәт көп болды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»