Спортшылардың IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындығы мен қатысуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалды

Биыл көкпар спортынан құрама команда төрт жаттығу жиынын өткізді. Сондай-ақ қазақ күресінен шетелдерде үш жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Спортшылар арнайы қажетті спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлімдеді.
«ҚР құрама командасы бұған дейін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысып, жүлделі орындар алған. Мысалы, жалпы командалық есепте 2014 жылы 2-ші орынға, 2016 жылы 3-орынға, 2018 жылы 2-ші орынға ие болған. Бұл нәтижелер елімізде ұлттық спорт түрлерінің қарқынды түрде дамып келе жатқандығын көрсетеді. Осы алдағы ойындарда да ел құрамасы жоғары нәтижеге қолжеткізеді деген сенімдемін», — деді комитет төрағасы.