Спорт сүйер қауымның басын қосқан марафон
Мамыр айы Қарағанды жұртшылығы үшін тек көктемнің көркімен ғана емес, спорттық дәстүрлерімен де ерекше. Осы кезеңде жыл сайын ұйымдастырылатын жеңіл атлетикалық эстафета биыл да өз жалғасын тауып, 79-шы рет жалауын көтерді. Облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бастамасымен өтетін бұл жарыс бүгінде аймақтың маңызды спорттық әрі рухани шарасына айналған. Биылғы дода Ұлы Жеңістің 81 жылдығына және «Ortalyq Qazaqstan» мен «Индустриальная Караганда» басылымдарының 95 жылдығына арналды.
Дәстүрлі эстафетаға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Биыл 187 командадан өтініш түсіп, жалпы саны екі мыңнан астам спортсүйер жарыс жолына шықты. Оның ішінде ерлер мен әйелдер командалары тең дәрежеде қатысып, дода тартысын қыздырды. Сонымен қатар, 150-ден астам адам «Достық» жарысына қатысып, бұл бөлімнің де маңызын айқындай түсті.
Салтанатты ашылу рәсімінде бірқатар құрметті қонақ сөз сөйледі. Олардың қатарында Бекзат Алтынбеков, Ерден Халилин, жеңіл атлетика ардагері Людмила Селиверстова бар.
– Арқа төрінде ақпарат кеңістігінің шамшырағына айналған қос басылым өңір тарихында ерекше орын алады. Осындай іргелі медианың бастамасымен өтіп жатқан эстафета жұртшылықты ортақ мақсатқа біріктіретін маңызды алаң. Жыл сайын қатысушылар қатары артып, бұл жарыстың мәні арта түсуде. Спорт – тек бәсеке емес, ол – бірлік пен ізгіліктің көрінісі, – деді Бекзат Алтынбеков.
Өз кезегінде спорт ардагері Людмила Селиверстова эстафетаның тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Мұндай жарыстар адамдарды жақындастырады. Әр команда – мықты. Бір алаңда бас қосып, ортақ мақсат жолында күш сынасу үлкен рухани байланысты қалыптастырады. Спорт тек нәтиже үшін емес, ол – өмір салты, – деді ол.
Ресми бөлімнен кейін жарыс жолы ашылып, қатысушылар бірден өз кезеңдеріне кірісті. Жалпы қашықтық 3300 метрді құрап, ол 10 кезеңге бөлінді. Алғаш болып дәстүрлі «Достық» жарысы өтті. Бұл бөлімде уақыт көрсеткіші есепке алынбайды, басты мақсат – қашықтықты еңсеру.
Эстафета барысында мектеп оқушылары, колледж студенттері, өндірістік ұжымдар мен спорт клубтары кезең-кезеңімен жарыс жолына шықты. Әсіресе, алғашқы және соңғы кезеңдер тартысқа толы болды. Себебі дәл осы сәттерде команданың жалпы нәтижесі айқындалады.
Соңғы кезеңде өнер көрсеткендердің бірі – «Bolashaq» жоғары колледжінің студенті Диляра Ягудинова.
– Соңғы кезең ең жауапты сәт. Маған сенім артылған соң, бар күшімді салдым. Командамыздың дайындығы жоғары болды, нәтижесінде жеңіске жеттік, – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық санаттарда жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттар табысталды. Биылғы эстафета тағы бір мәрте өзінің маңызын дәлелдеп, бұқаралық спортты дамытуға серпін берді.
Жалпы, бұл дәстүрлі дода тек спорттық жарыс қана емес. Ол – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, салауатты өмір салтын насихаттайтын және қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін маңызды мәдени-спорттық алаң.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

