Спорт мектептері сынға түсуде
Наурыз мейрамына орай Қ.Нұржанов атындағы Қарағанды жеңіл атлетика манежінде Қарағанды облысының барлық спорт мектебінің қызметкерлері арасында II турнир өтуде. Кәсіби жаттықтырушылар емес, әкімшілік корпус пен техникалық қызметкерлер өзара күш сынасады.
Жарысқа өңірдің қалалары мен аудандарындағы 33 спорт мектебінен 350-ден астам адам қатысады. Олардың қатарында Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиадалық резерв дайындау орталығы бар.
Жарыс спорттың алты түрінен өтеді, олар: бадминтон, асық, үстел теннисі, дартс, волейбол және арқан тарту.
– Облысымыздың барлық спорт мекемесі спартакиадаға қатысады. Бұл жолы әкімшілік қызметкерлері мен техникалық қызметкерлер өз шеберліктерін көрсете алады. Регламент бойынша, жаттықтырушылар мен оқытушылар қатыса алмайды. Турнирдің басты мақсаты – ұжымды біріктіру. Біз үшін мұндай іс-шаралар – мереке. Біз шалғай аудандардағы әріптестермен кездесеміз, сөйлесеміз. Турнир дәстүрге айналады деп үміттенемін, – дейді жеңіл атлетикадан ООРБЖСМ басшысы Нұрлан Түсіпов.
Нұра кентінің Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Игорь Пронин әріптестерімен кездескеніне әрі сайысқа түскеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Мен грек-рим күресінен спорт шеберімін. Бұл жолы бадминтонды таңдадым. Біздің қызметкерлер волейбол, үстел теннисі, асық және арқан тартыста өнер көрсетеді. Командамызда 12 адам бар. Күзетші де, от жағушы да, шаруа басшысы да бар. Барлығы жаттығады, өйткені қарым-қатынас бір бөлек, ал спорттағы ширығуды ештеңе алмастыра алмайды, – дейді Игорь Пронин.
Мұндай жарыстарға Осакаровка кентінің спорт мектебі де бірнеше рет қатысқан.
– Біздің мектептің намысын 14 адам қорғайтын болады. Кеше команда құрамында волейболға қатыстым, бүгін үстел теннисін ойнайтын боламын. Өзім бокстан спорт шеберіне үміткермін. Бірақ бокспен ғана айналыспаймын, маған әр түрлі спорт ұнайды. Мен әр күнімді жаттығудан бастаймын. Осакаровкада бізде 320 орындық үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Балалардан бастап ардагерлерге дейін барлығы спортпен айналысады. Спорттың алыстағыны жақындататыны, біріктіретіні өте жақсы, – дейді БЖСМ басшысы Игорь Елесин.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және кубоктармен марапатталады.